Шымкентте жеңіл жүрісті әйел айуандықпен өлтірілді

ОҚО ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлағандай, әйелдің мәйіті Шымкент қаласының жеке қонақүйіндегі нөмірлердің бірінен табылды. 31 жастағы қала тұрғыны соққылар мен бөтелкенің сынығымен жасалған жарақаттар салдарынан көз жұмған.
Полиция қызметкерлері болған оқиғаның барысын анықтады. Жеңіл жүріске бой салған әйелдің соңғы «қонағы» болған 32 жастағы жергілікті тұрғын екені анықталды. Олардың арасында жанжал орын алған. Ер адам әйелді соққыға жығып, кейін қылқындырып, бөтелкенің сынығымен беті мен кеуде тұсына жарақаттар салған. Кейін ер адам өзімен бірге 7 мың теңге мен ұялы телефонды ала отырып, оқиға орнынан ізін суытқан.
Аталған фактілер бойынша «Кісі өлтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Тексеру амалдары жүргізілуде.