Шымкентте жұмысқа тұрғызамын деп алаяқтық жасап жүрген тұрғын ұсталды

Полицейлер алаяқты қала тұрғынының арызы бойныша ұстаған. Абай полиция бөліміне арызданған азамат таныс емес адам оның сеніміне кіріп, жұмысқа орналасуына көмектесемін деп уәде бергенін көрсеткен. Сөйтіп, жалған уәдемен 100 мың теңгесін алған. Дәл осындай мазмұнда ішкі істер бөліміне тағы бірнеше тұрғын арызданған.
Осыдан кейін тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, осы іске қатысы бар деген 28 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Оның бұған дейін алаяқтық бойынша сотталғаны анықталды. Тергеу кезінде оның 3 дерекке қатысы бары белгілі болды. Жұрттың сеніміне кіріп, жұмысқа орналастырып беремін деген күдікті таныстарынан ақша иеленіп, оқиға орнынан ізін суытып келіпті. Қазіргі таңда оның үстінен Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтықпен» іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер ұсталған сезіктінің өзге де қылмыстарға қатысы барлығын тексеріп жатыр.