Шымкентте жұмысшыларға арналған жатақхана салынып жатыр

Биыл елімізде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 400 мың шаршы метр тұрғынүй пайдалануға беріледі. Бұл 65 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтылады деген сөз. Одан бөлек, жалдамалы пәтерлер мен жатақханалар салу да жоспарланған. Осы жоба аясында Шымкентте 297 жұмысшыға арналып, жатақхана салынып жатыр. «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы қаржыландырылған құрылыстың қазір біраз жұмысы бітті. Бүгінде үйдің тек жиһаздарын орнатып, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Жаңа әкімшілік іскерлік орталығынан бой тіктеген нысанда тұрғындар үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Жатақхана Шымкенттегі 500 адамнан кем емес жұмысшысы бар өндіріс орындарына беріледі. Басты талап - қызметкерлердің қалада баспанасы болмауы шарт. Осыны растаған жағдайда арнайы комиссияның шешімі негізінде жатын орынға қол жеткізеді. Жатақхана - ақысыз. Тек коммуналдық шығындар өтелсе болғаны.
Айта кету керек, еліміз бойынша баспана мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Шымкент қаласында да бұл мәселе күн тәртібінде тұр. Жергілікті билік әсіресе жұмысшылардың жағдайын шешуді қолға алмақ. Өйткені, нағыз жұмысшылардың арқасында қыруар шаруа бітеді.