Шымкенттегі нөсер жауын: көшені су басып, техника дүкені шығынға батты
Қала тұрғындары мол жауынның салдарына қатысты видеоларды әлеуметтік желіге жүктеуде. Олардың бірінде «Нұрсәт» шағын ауданындағы орталық даңғыл мен Рысқұлов көшесі су астында қалып, көліктер жүре алмай тұрғанын көруге болады.
Нөсерлеп төккен жауын тіпті, тұрмыстық техника сататын дүкен қызметкерлерін де әбігерге салған. Ірі сауда үйінің төбесінен су ағып, жаңа техникалар бүлінген. Сатушылар заттарды жинап әрекеттенгенімен, су жан-жақтан аққан.
Дәл осындай жағдай «Нұрсәт» шағын ауданындағы №47 үйде де болған. Көпқабатты үйдің шатырынан сорғалай аққан су 8-9-қабаттардағы пәтерлерге құйылып, тұрғындар баспаналарын тастап кетуге мәжбүр болған. Өйткені жатын орындар мен көрпе-төсектің бәрі суға малынған. Амалы таусылған тұрғындар жағдайды ұялы телефондарына түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Видеода олар: «Жататын жер жоқ. Бірде бір құрғақ көрпе қалмады. Ертең біз жиналып, не істейтінімізді шешеміз», деп түсіндіріп өтеді.
Айта кетейік, синоптиктер қалада жауын шашын әлі де болатынын ескертеді.