Шымкенттегі перзентханада шетінеген шақалақтарды медбике ауыстырып жіберген

Бас дәрігердің сөзінше қазір келеңсіз жәйтқа себепкер болған медбике уақытша еңбекке жарамсыздық қағазы бойынша үйінде. Оның қандай жауапкершілікке тартылатыны қызметтік тексеруден кейін белгілі болады. Сондай-ақ осындай кемшілікке жол бергені үшін бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары да уақытша қызметінен шеттетілген.
«Қазір перинаталдық орталықта облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанынан құрылған арнайы комиссия қызметтік тексеру шараларын жүргізуде. Қызметтік тексеріс біткеннен кейін нақты шаралар қолданылатын болады. Мәйітті ауыстырып жіберген медбике мен орынбасардың жауапкершілігі заң аясында қаралады», - дейді Гүлбану Сыздықова.
Орталықтың бас дәрігерінің айтуынша шақалақтың өліміне қатысты да тексеру жүргізілуде. Бірқатар сараптамалар тағайындалыпты. Нақты себебі сол сараптамалардың қортындысынан кейін анықталады.
Еске салайық, Шымкенттегі №4 перинаталдық орталықта босанған келіншек шетінеген шақалағының мәйітін жерлеуге алып келгенде, оның ауысып кеткенін айтқан болатын. Сәбиі ұл болса да медицина қызметкерлері оған қыз баланың мәйітін беріп жіберіпті. Осыны айтып шу шығарғаннан кейін аталған орталықта қызметтік тексеріс басталды. Жаңадан босанған келіншек мұнымен шектелмей полицияға да арыз түсірген еді.