Шымкенттегі «Romantic» гүл дүкенінде екі бөлек оқиға болған - ІІМ түсіндірмесі

«Бірінші бейнежазбада көрсетілгендей, ақ футболка киген адам үстелден қайшыны алып, гүл сатушыға қарай бет алады. Бұл жайт 8 тамыз күні болған. Аталған жағдайға қатысты полицияға сатушыдан ешқандай арыз түскен жоқ. Құқық бұзушылық әлеуметтік желілерді мониторинг жасау барысында анықталды.
Полиция қызметкерлері бұзақыны анықтап, Тұран АПБ-на жеткізді. К. есімді азамат 1990 жылы туған Түркістан облысының тумасы болып шықты. Шымкент қаласында тұрады. Оның әкесі - 1952 жылы туған зейнеткер. Бәйдібек ауданында тұрады» делінген хабарламада.
Ер адам сот қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабына «Ұсақ бұзақылық» сәйкес 7 тәулікке қамауға алынған.
Сондай-ақ, БАҚ-тарда оның кешірім сұраған видеосы тараған еді.
Екінші бейнежазбада басқа 1989 жылы туған Б. есімді азамат бейнеленген. Әкесі жоқ, анасы зейнеткер.
«Ағымдағы жылдың 8 мамырында ер адам флористті қорлап, дүкеннен гүл шоғын алып кеткен.
Тұран АПБ-ның 102 арнасына жанжал туралы қоңырау түскен. Оқиға орнына учаскелік инспекторлар барған. Алайда дүкен иесі мән-жайды нақтылау барысында ешкімге шағымы жоқтығын айтып, арыз жазудан бас тартқан.
Бұл жайтқа қатысты Тұран АПБ-да ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен «Жәбiрленушiнiң өмiрiне н/е денсаулығына қауiптi емес күш қолданып тонау» сотқа дейінгі тергеу басталды» делінген хабарламада.
Сондай-ақ істің ақ-қарасын ажырату кезінде қара футболка киген азамат ағымдағы жылдың 19 мамырында отбасылық себептерге байланысты өз өтінішімен ішкі істер органдарынан босатылған Қаратау АПБ-ның бұрынғы қызметкері екені анықталды.
Айта кетейік, бүған дейін гүл дүкеніндегі қоқан-лоқыға қатысты Шымкент прокуратурасы түсінік бергенін жазған едік.