Шымкенттегі «жасыл экономика» форумында 35,2 млрд. теңгенің инвестициялық меморандумына қол қойылды

Халықаралық форум шеңберінде бірқатар көкейтесті мәселелер көтеріліп, «жасыл экономиканы» дамытудағы өңірлердің атқаратын рөлі, шетел мемлекеттерінің осы стратегияны әзірлеудегі және іске асырудағы тәжірибесі талқыланды. ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі осы бағытта еліміздің «жасыл экономикаға» өту тұжырымдамасын ұсынған болатын. Аталмыш құжат жаңартылатын энергия көздерін кеңінен енгізуді ғана емес, сонымен қатар оның ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, балық аулау, өнеркәсіп, туризм, көлік, қалдықтарды қайта өңдеу және жою, су ресурстарын басқару секілді салаларда дамуын көздейді.
Форумға қатысушылар бұл басқосуда өзара тәжірибе алмасып, тиімді ұсынымдарын ортаға салды. Нәтижесінде жалпы сомасы 35,2 млрд. теңгені құрайтын инвестициялық меморандумға қол қойылды.
Тоқтала кететін жайт, Оңтүстік Қазақстан облысында осы салаға тартылған инвестициялар көлемі бүгінгі таңда 120 млрд. теңгеден асады. Форум жұмысына 300-ден аса адам қатысты. Олардың қатарында ҚР қоршаған орта және су ресурстары, индустрия және жаңа технологиялар министрліктерінің басшылығы, сала мамандары, даму инстуттарының басшылары мен өкілдері, қаржылық, инвестициялық компаниялар, халықаралық сарапшылар және АҚШ, Германия, Италия, Қытай, Корея, Малайзия, Ресей және т.б. елдердің баламалы энергия көздері саласындағы жетекші компаниялардың өкілдері бар. Елімізде жалпы қуаттылығы 44,4 МВТ шағын электростанциялар құрылысы бойынша 6 жобаны іске асыру жоспарланған, 2015 жылы қуаттылығы 40 МВт жел электростанциясын іске қосу көзделіп, күн энергетикасы саласында 2015 жылға дейін 191 МВт фотоэлектростанциялар салу бойынша 4 жобаны іске асыру айқындалған.
Сонымен қатар осы шара аясында инновациялық жобалар көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге қазақстандық ғалымдардың зерттеу еңбектері, «Жасыл экономика» саласындағы отандық және шетелдік кәсіпорындардың өнімдері ұсынылды. Көрмеде күн электр стансасын, жел электр стансалары бағын, гидроэлектростансаларын салу, мембрандық су тазартқыштар құрылғысы және жаңа құрылыс материалдары өндірісі секілді 30-дан аса жобалар ұсынылды.