Шымкенттік кәсіпкер мен оның баласының өліміне қатысты қылмыстың беті ашылды
АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - ІІМ Криминалдық полиция комитетінің қызметкерлері шымкенттік кәсіпкердің отбасына жасалған қарақшылық шабуылдың бетін ашты.
Бұл туралы бүгін брифингте ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді.
Атап айтқанда, наурыз айының ортасында түнгі сағат 4-тердің шамасында бетперде киген төрт адам үйге басып кіріп, отағасын және оның отбасын ұрып-соғып, ақша талап еткен. Нәтижесінде, дене жарақатының салдарынан үйдің иесі және оның 17 жастағы ұлы көз жұмады. Әртүрлі дене жарақатын алған жұбайы мен қызы ауруханаға жеткізіледі. Қаскүнемдер 50 мың АҚШ долларын, шамамен 4,5 мың еуро, 3 миллион теңге көлемінде ақша және алтын бұйымдарды ұрлап, оқиға орнынан бой тасалайды.
«Қанқұйлы қылмыстың бетін ашу үшін ІІМ және облыстық ІІД-нің тәжірибелі қызметкерлерінен құралған тергеу-жедел іздестіру тобы құрылды. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде Алматы облысы Қаскелең қаласында бұрын сотталмаған 38 жастағы Атырау облысының тұрғыны ұсталды. Оның мекен-жайын тінту кезінде ұрланған жарты келі алтын бұйымдар және 4,5 мың еуро табылды. Анықталғандай, ұсталған күдікті кәсіпкермен таныс болған және оның қаржылық жағдайының жақсы екендігін білген. Шабуыл жоспарын алдын ала жасап қойған ол Шымкентке келіп, қылмыстық істі жүзеге асыру мақсатында өзінің таныстарын ұйымдастырған», - деді ресми өкіл.
Одан әрі іздестіру шаралары барысында күні кеше Астана қалалық Криминалдық полиция комитетінің қызметкерлері аталған қылмыстық іске қатысы бар 39 жастағы Қызылорда облысының тұрғынын қолға түсірді. Сондай-ақ, осы күні құрықталған күдіктілердің тағы бір сыбайласы - 25 жастағы Алматы облысының тұрғыны «Шымкент-Атырау» бағытындағы пойызда, Түлкібас стансасында ұсталды. Бүгін түнде Қызылордада аталған қылмысқа қатысы бар төртінші күдікті - бұрын ұрлық үшін сотты болған 26 жастағы қала тұрғыны құрықталды.Қазірігі таңда олардың өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілу үстінде.