07:44, 17 Желтоқсан 2014 | GMT +5
Шымкенттік спортшылар қаладағы ең биік нүктені бағындырды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік күні Шымкентте оқушылар концерт ұйымдастырса, жас спортшылар жаппай жүгіруден сайысқа түсті.
Оңтүстікқазақстандық спортшылар Тәуелсіздік күнін жаппай жүгірумен атап өтті. Олар Шымкенттегі ең биік нүктені - Бәйдібек биге арналған ескерткішті бағындырды. Атлеттер монументке апаратын 700 метрлік баспалдақпен жүгіріп өтті. «Жарыс өте қызықты әрі қиын болды. Мен биатлонмен айналысамын, соның өзінде маған бұл сайыс оңайға түскен жоқ, бәсекелестер көп болды», - дейді спортшы қыз Алина Бәйменова. Ал Тәуелсіздік сарайында белгілі шымкенттік орындаушылар мен шығармашылық ұжымдар қатысқан мерекелік концерт жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Дәл осы күні әл-Фараби атындағы алаңда қалалықтар үшін төмен бағамен азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылды.