16:14, 15 Наурыз 2017 | GMT +5
Шымкенттің дәмханалары мен түнгі клубтарына ескертулер жасалды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттің дәмханалары мен түнгі клубтарына ескертулер жасалды. Қалалық әкімдік пен жергілікті полиция қызметкерлері коммерциялық нысандарға арнайы барып, түнгі 23:00-ден кейін қоғамдық тыныштықты мейлінше сақтау қажеттігін талап етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Облыстық прокуратураның «Шымкент - қауіпсіз қала» жобасы аясында қолға алынған шарада арнайы топ құрылып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Себебі, көше бойын жайлаған дәмханалар мен түнгі клубтардағы тыныштықты сақтау мәселесі өзекті болып тұр. Тұрғындардан түскен шағымдар көбейіп кеткен соң қадағалау орган өкілдері осындай әрекеттерге көшуге мәжбүр.
Мәселен, топ мүшелері ат басын бұрған түнгі клубтың біріне қатысты өткен жылы 7 рет шағым түскен. Қазір қала әкімдігі мен полиция басқармасы осы сынды нысан басшыларын тәртіпке шақыруда. Ескертулерге құлақ аспаған жағдайда оларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылатын болады. Жергілікті тұрғындардың тыныштығын сақтау мақсатында қолға алынған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.