19:30, 02 Желтоқсан 2011 | GMT +5
Шыңғырлау ауданы орталығына су келді
ОРАЛ. 2 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Бүгін Ардақ-Шыңғырлау су құбыры салтанатты жағдайда іске қосылды.

Аудан орталығына су жеткізу мәселесі көптеген жылдар бойы шешілмей келген болатын. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша биыл қолға алынып, мамыр айында басталған су құбырының құрылыс жұмыстарын «Әлім» ЖШС жүргізді.
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, алдағы жылы тағы 400 млн. теңге қаржы бөлініп, аудан орталығындағы әрбір үйге су құбыры кіргізілмек.
Облыс басшысы сондай-ақ бұл күні «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы жаңа ғимаратының ашылуына қатысты. Бүгінгі таңда Шыңғырлау ауданы бойынша 1855 «нұротандық» болса, 13 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді.
Әкім Шыңғырлаудан бой көтерген «Астана» сауда орталығын аралап, нысанның жай-күйімен, мұндағы тауар бағаларымен, жиһаз жасайтын цехтың жұмысымен танысты.