Шыңғырлау ауданында музыка мектебінің ғимараты ашылды - БҚО

Жаңа ғимараттың ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Алдияр Халелов өтіп бара жатқан жылда ауданда әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлінгендігін атап өтті. Шыңғырлау-Ақсұғым су құбыры тартылып, Амангелді ауылына газ жеткізілді. Аудандық мәдениет және демалыс саябағы күрделі жөндеуден өткізілсе, Белогор ауылында мәдениет үйі мен 25 орындық балабақша іске қосылды. Полтава ауылын газдандыру мәселесі шешілді, мұнда алдағы жылы құбыр тарту жұмыстары басталатын болады. Аудандық музыка мектебінің ашылуы да осы шаралардың жалғасы іспеттес.
Музыка мектебінің директоры Айман Оразәлинаның айтуынша, ғимаратта балалардың өз өнерлерін дамытуына барлық жағдай жасалған. Бұдан бұрын да шетелдегі халықаралық байқаулардан олжалы оралып жүрген шыңғырлаулық өнерлі өрендер өз шеберліктерін ұштай түсетін болады.