Шыңғыс Айтматов шығармашылығындағы мәңгүрттер мәселесін қоғамда етек алып кеткен проблемаларға тосқауыл ретінде қоюға болады - ақын Мұхтар Шаханов

Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан Ш. Айтматовты еске түсіруге арналған "Еуразия оқуларында" айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Шыңғыс Айтматов тек қырғыз ұлтының ғана емес немесе бүкіл түркі елдерінің ғана емес дүниежүзілік көлемдегі 500, 1000 жылда бір рет келетін қайталанбас ұлы тұлға. Айтматов шын мәнінде өзгеше биікке көтерілді. Мәселен "Ғасырдан да ұзақ күн" шығармасында бір үлкен проблема көтерді. Ол - адамнан мәңгүрт жасау мәселесі. Оның басқа шығармаларын былай қойғанның өзінде сол кезеңде осыны көтергені үшін ғана ескерткіш қоюға болар еді. Мен осы үлкен адаммен жақын қатынаста болдым. Ұзақ жылдар сырлас болдық, дос болдық. Соның негізінде бірге шығарма да жаздық", дейді ақын Мұхтар Шаханов. "Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны" атағының иегерінің айтуынша, Ш. Айтматовтың екінші ғұмыры басталған кезде біз қазіргі қоғамдағы етек алып кеткен проблемаларға оның шығармашылығынан - мәңгүрт мәселесін тосқауыл ретінде қоя аламыз. Өйткені қазіргі кезеңнің мәңгүрттері керемет білімді, бірақ өз ұлтын және оның рухани құндылықтарын менсінбейді.