Шыңжаңдағы жол-көлік оқиғасынан Қазақстанның 2 азаматы қаза тауып, 19-ы жараланды

14 наурыз күні оқиға орнына ҚР Сыртқы істер министрлігінің Үрімші қаласындағы паспорттық-визалық қызметінің, сонымен қатар 15 наурыз күні Қазақстанның Бейжіңдегі Елшілігінің Консулдық бөлім қызметкерлері барды. Олар қазақстандықтарға жан-жақты көмек көрсету мақсатында жергілікті мемлекеттік органдармен тиісті келіссөздер жүргізді. Қаза тапқан екі азаматымыздың туған-туыстарына мәйттерді Қазақстанға жеткізуге қажетті ұйымдастыру шараларында көмек көрсетіліп, олар 16 наурыз күні елімізге жеткізілді. Ауыр жарақат алған азаматтарымызға хирургиялық ота жасау үшін қытайлық тарап арнайы Алтай және Үрімші қалаларынан мамандар шақыртты. Қытай тарапына көрсетілген көмек үшін алғыс білдіреміз. Қазіргі таңда 11 қазақстандық азамат Зимунай ауылының ауруханасында жатыр. Министрлік жапа шеккен азаматтарымыздың туыстарына жедел виза рәсімдеуде қолғабыс көрсетуде. Қытай аумағында болу мен емделуге байланысты шығындарды «Синдэ» тасымалдаушы компаниясы өз мойнына алды. ҚР ҚХР-дағы Елшілігі аталған жағдайды бақылауына алып, жергілікті билік органдарымен байланыс орнатты. Жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде. ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл іс бойынша әділ шешім шығару үшін мәселені қадағалап отырады. Министрлік аталған жағдай туралы жаңа ақпаратты қосымша хабарлайтын болады.