21:28, 19 Қаңтар 2020 | GMT +5
Шыңжаңның оңтүстігінде бірнеше рет жер сілкінді
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында магнитудасы 6,4 болатын жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
CENC мәліметінше, жерасты дүмпуі 19 қаңтар күні Бейжің уақытымен сағат 21:27-де болған. Зілзала ошағы - Қашғар округінің Пайзават ауданында. Тереңдігі – 16 шақырым.
Зардап шеккендер мен қираған ғимараттар туралы мәлімет жоқ.
Аталған жер сілкінісінен кейін сейсмикалық дүмпулер Қашғар округіне көршілес орналасқан ШҰАА Қызылсу-Қырғыз автономиялық облысында да қайталанды. Афтершоктың магнитудасы – 3,2-5,2 аралығында.
Соңғы дүмпу Бейжің уақыты бойынша сағат 22:23-те Қызылсу-Қырғыз автономиялық облысының әкімшілік орталығы – Атуш қаласына жақын маңда болды. Атушта 300 мыңнан астам халық тұрады. Зілзала ошағы 14 шақырым тереңдікте жатыр.
Еске сала кетейік, біз бүгін кешке Алматыда жер сілкінісі сезілгенін жазған болатынбыз.