«Шырша» операциясы: Тәртіп сақшылары рейдтер өткізуде - СҚО

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесуден қорғау мақсатында «Шырша» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шырша» операциясы: Тәртіп сақшылары рейдтер өткізуде - СҚО

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа жыл мерекесі қарсаңында шырша саудалайтын орындар ерекше бақылауға алынады. Кәсіпкерлерде тауарға қатысты құжаттар: ағаштың жеткізілген жерін растайтын құжат және сауда орталығының саудаға рұқсат бергені жөнінде шарт болуы қажет. Мақсат – браконьерлік жолмен кесілген ағаштардың саудаға шығуына жол бермеу.

«Рейдке полицейлерден басқа, желілік полиция бөлімінің қызметкерлері, Табиғи ресурстар басқармасы мен Қызылжар орман шаруашылығының өкілдерінен тұратын мобильдік топ шығып жүр. Орман шаруашылығының қызметкерлері қылқан жапырақтыларды браконьерлерден қорғау үшін бекеттер қойып , полицейлермен ұдайы байланыс орнатты.

Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері шырша тасымалдайтын жүргізушілердің құжаттарын тексереді. Бүгінге дейін заң бұзушылықтар анықталмады», - деді СҚО ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы Сергей Кокорин.

Тәртіп сақшылары ағашты заңсыз кескендерге айыппұл салынатынын ескертеді. Егер мемлекетке келтірілген шығын көлемі 100 АЕК мөлшерінен

асса, қылмыстық іс қозғалады. Қылмыс топпен жасалған жағдайда, бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.