ШЫҰ алаңында көптеген халықаралық ұйым біріге алады - Е.Өтембаев

- Сіздің ойыңызша, Шанхай ынтымақтастық ұйымының басты жетістігі қандай?
- Ағымдағы жылы біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының 15 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Осыған орай ертеңгі күні өтетін ШЫҰ саммитінің басты қорытындысы Ташкент декларациясын қабылдау болмақ. Онда біз ұйымды дамытудың жолдарын нақты көрсетеміз. Әрине, ең басты мәселе ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі болады.
ШЫҰ Шанхай бестігінен бастап үлкен эволюциядан өтті. Бүгінде біз үлкен өңірлік ұйым форматына көшу үстіндеміз. Ұйымға Пәкістан мен Үндістан сынды мемлекеттердің қосылу процессі жүру үстінде.
Әлем халқының 45 пайызы осынау ықпалды халықаралық ұйымның мүшесіне айналуда. Ең бастысы - бұл эволюцияның өңірге қажетті интеграциялық процесс екенін көрсетіп отыр.
- Сіздің пікіріңізше, ШЫҰ саммиті аясында талқыланатын қандай мәселелер барынша өзекті болмақ?
- Өздеріңіз де білетіндей, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әр уақытта да кең ауқымды лаңкестікке қарсы коалиция құру бастамасын көтеріп келеді. Тіпті Елбасының таяудағы ғана БҰҰ қамқорлығындағы лаңкестікке қарсы коалиция құру бастамасы ШЫҰ алаңында дәл сондай ықпалды ұйым құрып жатқандығымызды көрсетті.
Біз өңірлік қауіпсіздіктен бөлек, экономикалық ынтымақтастық мәселелерін де қарастыратын боламыз. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жоспары қабылданбақ. Онда үлкен нарықтар құру мәселесіне баса мән берілген. Жоғарыда атап өткенімдей, жер шарының 45 пайыз халқының қосатын бұл ұйым зор нарық саналады. Бұл ретте жаңа көлік дәліздерін дамыту үшін барлық жағдай жасалып жатқандығын атап өткен орынды. Сондықтан декларация жобасында транзиттік әлеуетті дамытуға, екінші жағынан жаңа көліктік коммуникациялық жүйелерге қатысты бірқатар аспектілер жазылған.
Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл, есірткі бизнесмен күрес салаларындағы өңірлік ынтымақтастыққа да баса мән берілген. Бұл ретте ШЫҰ-ға Қазақстанның алдағы төрағалығы жаңа серпін берері сөзсіз. Ең бастысы, біз тек ШЫҰ мүшелерін ғана емес, сонымен бірге АСЕАН (Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығы), Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сынды халықаралық-өңірлік ұйымдарды топтастыруға мүмкіндік беретін ынтымақтастықтың жаңа алаңын қалыптастырудамыз.
- ШЫҰ аясында сауда-экономикалық ынтымақтастық жоспарының қабылданатындығын айттыңыз. Сол жоспарға кеңінен тоқталып өтсеңіз.
- Сауда-экономикалық ынтымақтастық жоспары өзара сауда-саттықты күшейтіп қоймай, сонымен бірге инвестициялық ынтымақтастық үшін де өте жақсы негіз қалыптастыратын бірқатар шараны қарастырады. Бұл орайда Астана банктің өзара іс-қимыл саласында ғана емес, сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастық аясында да біздерге өзара байланыстарымызды жандандыруға мүмкіндік беретін бірқатар бастама ұсынады. Сол Астана халықаралық қаржы орталығы құрылуда.
Ең бастысы, біз Ұлы Жібек жолын дамытуды көздейтін көптеген инфрақұрылымдық бірлескен жобалар бойынша жақсы мүмкіншілік жасаудамыз. Ұлы Жібек жолы идеясы, бірыңғай экономикалық белдеу құру идеясы жаңа мүмкіншіліктерді табуға септігін тигізіп, өңіріміздегі жаңа жобаларға негіз қалайды.
Қазақстан «Нұрлы жол» бағдарламасын іске қосу арқылы біздің дұрыс жолда екендігімізді көрсетіп берді. Біз көптеген елдер үшін жақсы негіз қаладық. Бүгінде инвестициялық тартымдылығы бар көптеген елдер бұл жобаға инвестиция салуға дайын. Олардың қатарында ШЫҰ-ға мүше елдермен қатар Еуропа одағы мемлекеттері, азиялық инфрақұрылымдық-қаржылық институттар да бар.
Қазақстан әлем елдеріне саяси тұрақтылықты паш етіп, интеграциялық процесстердің қалай дамуы тиістігін көрсетті. Пәкістан мен Үндістанның ШЫҰ-ға мүше болуға мүдделік танытуы да Шанхай бестігінің дамуға жақсы негіз қалағандығынан екендігі сөзсіз. Қорыта айтқанда, Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде Астанада өтетін саммитте біз ынтымақтастықтың жаңа форматтарын көрсете аламыз. Ең бастысы, мемлекеттер арасындағы өзара жаңа қарым-қатынасқа серпін береміз.