ШЫҰ елдерінде террористер қолынан 400-ден астам адам қаза тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттерде лаңкестік шабуылдың күрт өсуі байқалады. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Руслан Сейсембаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШЫҰ елдерінде террористер қолынан 400-ден астам адам қаза тапты

«Сарапшылардың бағалауы бойынша, соңғы үш жылда Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) мемлекеттерінде кем дегенде 80 резонанстық лаңкестік шабуыл жасалды. Биыл олардың күрт өсуі байқалады. Егер 2022 жылы 18 (лаңкестік шабуыл) болса, 2023 жылы 47 болды», - деді Руслан Сейсембаев елордада өтіп жатқан ШЫҰ отырысында.

Оның мәлімдеуінше, террористердің қолынан 400-ден астам бейбіт азамат қаза тауып, 940-қа жуық адам жарақат алды.

«Күш құрылымдары мен құқық қорғау органдарына күш қолдану әрекеттерінің жолын кесу үшін 300-ден астам терроризмге қарсы операциялар жүргізілді. 1 600 террорист пен олардың көмекшілері ұсталды. Билікке қарсылық көрсеткен 60-қа жуық қылмыскер қамалды», - деді ҰҚК төрағасының орынбасары.

Бұған дейін лаңкестер Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қолдан жасалған жарылғыш құрылғымен жармақ болғаны туралы хабарлаған едік.

Айта кетейік, бүгін Астанада Қазақстанның төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) өңірлік терроризмге қарсы құрылым РАТС кеңесінің 40-ы отырысы өтіп жатыр.