ШЫҰ-ның келесі саммиті 2017 жылы маусымда Астанада өтеді

«Қазақстан зор жауапкершілікті сезіне отырып, алдағы жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық жоғары миссиясын өзіне қабылдайды. Біз осы жылдар ішінде өзбек тарабы атқарған ауқымды жұмыстарды жалғастыруға, ШЫҰ-ны дамыту мен нығайтуға өз үлесімізді қосуға, оның әлемдегі рөлі мен беделін арттыруға ниеттіміз», - деді Елбасы.
ҚР Президенті осы орайда Қазақстанның төрағалығы кезіндегі басымдықтар ретінде өңірлік қауіпсіздікті нығайту, экономикалық ынтымақтастықты дамыту, транзиттік-көліктік әлеуетті ашу, мәдени және гуманитарлық байланыстарды тереңдетуді атады.
«Қорытынды шара 2017 жылдың 8-9 маусымында Астанада өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммиті болмақ», - деген Н.Назарбаев отырысқа қатысушы Мемлекет басшылары мен қонақтарды келесі жылы Қазақстанға келуге шақырды.