ШЫҰ саммитінде қол қойылатын құжаттар бекітілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің кезекті отырысының қорытындысында 8-9 маусымдағы Астана саммитінде қол қойылатын құжаттар бекітілді. Бұл туралы отырыстан кейінгі брифингте ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мәлім етті, деп хабаралйды ҚазАқпарат.
None
None

«Кездесу дәстүрлі достық пен өзара түсіністік сарында өтті. Мәжілісте біз осы жылы 8-9 маусымда Астанада жоспарланған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі мазмұнын әзірлеу барысын талқыладық. Бұдан басқа ұйымның қазіргі жағдайы және өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Сондай-ақ алдағы өзара әрекеттестік пен ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін анықтауға күш салдық. Бұл мәселелердің көбісі ШЫҰ саммитінде қабылданатын Астана декларациясында көрініс табады. Бүгінгі жиында біз саммиттің күн тәртібін және қол қойылатын өзге де құжаттар жобаларын да қарастырып, келістік. Олардың арасында Үндістан мен Пәкістанның ұйым мүшелігіне қабылдану рәсімінің аяқталуы және мүше мемлекеттің мәртебесін беру туралы шешім маңызды құжаттардың бірі болмақшы. Басқа сөзбен айтқанда биыл 9 маусымда Астанада өтетін мүше мемлекеттер басшыларының бас қосуында Үндістан пен Пәкістанның ШЫҰ-ға толыққанды мүше ретінде кіруі үшін соңғы да маңызды қадам жасалды», - деді министр.

Мұнан басқа оның айтуынша, жаңа екі елдің ШЫҰ-ның құрамына енуіне байланысты мүше мемлекеттердің үлестік жарналары, туризм саласындағы ынтымақтастықты күшейту және ұйымның жалпы институттық дамуына бағытталған басқа да құжаттар қарастырылып, ШЫҰ-ның саммитінде қол қою үшін бекітілді.

«Жалпы бүгін өткізілген отырыста менің әріптестерім ШЫҰ-ның халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара әрекеттестіктің дамуына үлес қосатын маңызды халықаралық фактор ретінде қалыптасқанын ерекше атап өтті»,- деді Әбдірахманов.

Соңғы жаңалықтар