21:01, 25 Маусым 2010 | GMT +5
ШЫҰ тарихында алғаш рет қазақстандық тарап Ұйымның 2010-2011 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын қабылдауға бастамашы болды
АСТАНА. Маусымның 25-і. ҚазАқпарат - Бұл күндері Мәскеуде Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) төрағалығы ауқымында Қазақстан мен Ресей сыртқы саясат ведомстволары арасында саяси консультациялар өтуде, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Консультацияларға қазақстандық тараптан ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан Ермекбаев, ресейлік тараптан - РФ сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Бородавкин қатысуда.
Консультациялар барысында тараптар қазақстандық төрағалық кезеңінде ШЫҰ-ның негізгі басымдықтарын талқылауда.
Алдағы 2011 жылғы маусым айында Астанада ШЫҰ мемлекет басшыларының мерейтойлық саммиті өтетінін ескере отырып, қазақстандық тарап Ұйым тарихында алғаш рет көпжақты сипаттағы және Ұйым қызметіндегі әртүрлі салалардағы өзекті шараларды белгілейтін ШЫҰ-ның 2010-2011 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын қабылдауға бастамашы болды.