Си Цзиньпин елордада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне келеді - Қазақстандағы ҚХР Елшісі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшісі Чжан Ханьхуэй өткен жыл ішіндегі Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының қорытындысына қатысты пікірін білдіріп, екіжақты ынтымақтастықтың келешегіне орай өз ойымен бөлісті.
None
None

- Елші мырза, Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының қазіргі деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

- Қазіргі уақытта Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы дамуды өте жоғары деңгейінде тұр деп санаймын. Біріншіден, жоғары деңгейдегі байланыстар жиі орын алу үстінде. 2015 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин бір-біріне сапар жасады. Мұнан бөлек, үкіметтік және министрлік деңгейіндегі сапар алмасулар да орын алды.

Байланыстар қарқыны мен мазмұны біздің елдеріміздің даму стратегиялары арасындағы түйісу нүктесінде тұрған өзара түсіністік пен өзара сенімді тереңдету, екіжақты ынтымақтастыққа серпін беру, сонымен қатар халықаралық және өңірлік істердегі біздердің ұстанымдарымызды келісу үшін зор маңызға ие екендігіне сенімдімін.

Сондықтан да мен іс жүзінде барлық салалардағы ынтымақтастықты атап өткім келеді. Мәселен, біз өндірістік қуаттар бойынша бірлескен жобаларды бастадық. Яғни, біз бірқатар зауыт пен фабрика салуды жоспарлаудамыз, Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қатысуға ниеттіміз. Қазірдің өзінде жалпы сомасы 24 млрд. долларды құрайтын 52 жоба бойынша келісімге қол қойылған. Меніңше, бұл нақты бағдарламалардың, Жібек жолы экономикалық белдеуі мен «Нұрлы жол» бағдарламасының үйлестірілуінің нәтижесі. Онда біздің бастамамыз бен Қазақстанның стратегиясы түйіндеседі. Әрине, бұл біздердің ынтымақтастығымызды одан ары дамыту үшін зор әлеует екендігі сөзсіз.

Гуманитарлық саладағы ынтымақтастық тереңдеп, өзара сапарлар артып келеді, екі елде де білім алып жатқан студенттер саны көбейе түсуде. Медиаөнімдерді өндіру, фильмдер мен сериалдар көрсету, мультфильмдер түсіру салаларындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша бірлескен жоспарлар бар. Ағымдағы жылы қытай мен қазақ халықтарының өзара қарым-қатынасы тарихы туралы әңгімелер шығару жоспарлану үстінде.

Біз «үш зұлымдық күшімен» күрес аясында да тиімді жұмыстар жүргіздік. Өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңестер біздің экономикаларымыздың кезең-кезеңімен дамуы үшін маңызды фактор.

Біздердің арамызда көпжақты форматта - БҰҰ, ШЫҰ, АӨІСШК және басқа да халықаралық ұйымдарда ынтымақтастық белсенді жүргізілу үстінде.

- Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету қалай жүргізілуде?

- Біз қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін қытай нарығына жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Мәселелерді, оны ішінде карантинге қатысты жайттарды реттеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қытай тұтынушылары қазақстандық азық-түлік өнімдерінің сапасын өте жоғары бағалайды. Қазақстан астығын импорттау көлемін арттыруды да жоспарлаудамыз. Қазақстанның сүт және ет өнімдерін Қытайға жеткізу мәселелерін де талқылаудамыз.

Қытайда адамдардың басым бөлігі экологиялық таза ет сатып алғылары келеді. Сондықтан да біздер тірі салмақта шамамен 500 мың бас қой сатып алуды, оны біртіндеп 1 млн. басқа дейін жеткізуді ойластырып отырмыз. Солтүстік-Батыс Қытайдың 5 өлкесінде қой етіне сұраныс бар. Осыған орай Қазақстан-Қытай шекарасында ҚХР аумағына ұсақ мал өткізуге арналған карантиндік аймақ құруды жоспарлаудамыз.

Мұнан бөлек, сүт фермаларын, жылыжай және қайта өңдеу кәсіпорындарын салу үшін бірлескен инвестиция қажет. Осылайша, тек қана Қытайдың ғана емес, сонымен бірге басқа да шетелдік нарықтарға бағдарланған ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүмкіндік бар.

- Көлік саласындағы ынтымақтастық жайында не айтар едіңіз?

- Қазіргі уақытта Қазақстан арқылы Еуропаға темір жол бағдары жұмыс істеп тұр. Бастапқы кезеңде Еуропадан кері қарай бос вагондарды айдап әкелуге байланысты бірқатар қиындықтар байқалған еді. Ендігі уақытта біз саяси қолдауға ие болдық, біздерге Еуропадан Қытайға автомобильдер тасуға рұқсат берілді.

Логистика саласындағы ынтымақтастықты дамытып, қоймалар мен терминалдар салу қажет. Логистикалық компаниялармен тасымал тиімділігін қамтамасыз ету үшін, шектеулер мен кедергілерді жою үшін саяси келісімнің болуы да маңызды.

- Қазақстанда қытайлық шағын және орта бизнес қалай дамуда?

- Ағымдағы жылы біз шамамен 2600 компанияның басын қосатын Қытай кәсіпкерлері қауымдастығын құрмақпыз. Олар бұл жерде сусымалы құм сияқты. Олардың басын қосып, біріктіріп, Қазақстан Республикасының заңын сақтауға тәрбиелеу қажет. Олар әлеуметтік секторда да жұмыс істеуі тиіс. Олар Қазақстанмен бірге өсіп-өркендеуі керек. Біз қытайлық компаниялар үшін рейтингтік кесте жасайтын боламыз. Егер қандай да бір кәсіпорын заңнаманы бұзатын болса, онда олар қазақстандық нарықтан кетеді.

- Елші мырза, 2017 жылы Астанада ЭКСПО көрмесі өтеді...

- Иә, біз ЭКСПО-ға қатысу үшін мемлекеттік органдар мен компанияларды жұмылдырамыз. Қытайлық кәсіпорындар бұл шараға зор қызығушылық танытуда. Бұл бағытта нақты жұмыстар да жүргізілуде. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылу салтанатына қатысуға ниет танытып отыр.

ЭКСПО өткізу Қазақстан дамуына оң серпін беріп, жаңа деңгейге көтерілуіне септігін тигізеді деп санаймын. Инновацияға, таза энергияға бағыт алуға жаңа мүмкіншіліктер ашады. Қытай жаңа энергетика саласында, оның ішінде күн, жел энергетикасы бойынша көптеген параметрлерде көшбасшылық орында. Бұл тұрғыда да біздер Қазақстанмен ынтымақтастықты жандандыратын боламыз.

Бүгінгі мүмкіншілікті пайдалана отырып «ҚазАқпарат» ХАА-ның барлық оқырмандарын Көктем мерекесімен құттықтағым келеді. Бақыт, байлық және денсаулық тілеймін! Біздердің халықтарымыз бен елдерімізге үйлесімділік пен гүлдену тілеймін!

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар