Си Цзиньпин АҚШ-ты біржақты сауда шектеулерін енгізуден бас тартуға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай америка тарапы АҚШ-қа инвестиция салып жатқан қытайлық кәсіпорындар үшін әділ, алаламайтын бизнес-орта қалыптастырады деген үмітте. Бұл туралы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы болған әңгіме барысында мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

АҚШ-Қытай
Фото: Kazinform; Pixabay; Pexels

Оның сөзі Қытайдың сыртқы істер ведомствосының сайтында жарияланды. 

- TikTok мәселесіне қатысты Қытайдың ұстанымы түсінікті. ҚХР Үкіметі корпорацияның ниетін құрметтейді және мүдделердің тепе-теңдігін сақтай отырып, Қытай заңдары мен ережелеріне сәйкес келетін тиісті шешім қабылдау үшін нарық талабына сай комммерциялық келіссөздер жүргізуді қолдайды, - деп келтірді Си Цзиньпиннің мәлімдемесін Қытай СІМ сайты.

Си Цзиньпин Қытай мен АҚШ арасындағы қатынастардың маңыздылығын атап өтті. Біздің сауда-экономикалық мәселелер бойынша командаларымыздың арасында жуырда болған консультациялар теңдік рухы мен өзара құрметті көрсетті.

- АҚШ-тың көптеген келіссөздердің барысында қол жеткізілген жетістіктердің нәтижесін жоққа шығаратын біржақты сауда шектеулерін енгізуден бас тартқаны дұрыс, -деп келтірді Қытай төрағасының сөзін СІМ ресми сайты.

Қытай Сыртқы істер министрлігінің сайты келтірген АҚШ президенті Дональд Трамптың сөзінше, Америка тарапы Қытаймен ұзақмерзімді және берік қарым-қатынасты қолдауға ұмтылады. Вашингтон екіжақты экономикалық және сауда ынтымақтастығын дамытуға тырысады, екі команда арасында болып жатқан консультацияларға қолдау көрсетеді және TikTok мәселесінің де тиімді шешімін табуға тырысып жатыр.

- АҚШ бүкіл әлемде бейбітшілікті сақтау үшін Қытаймен бейбіт қарым-қатынаста болу жолында жұмыс істейді, - деп келтірді Қытай Сыртқы істер министрлігінің сайты АҚШ президентінің сөзін.

Осыған дейін АҚШ пен Қытай TikTok бойынша алдын ала келісімге келгені туралы жаздық. 

 

Соңғы жаңалықтар