Сыбайлас жемқорлықпен күрес: СҚО-да екі экс-судья, заңгер мен кәсіпкерлерге сот үкімі шықты
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда бұрынғы судьялар, заңгер және кәсіпкерлер – бес адамға қатысты қылмыстық іс қаралып, сотталғандарға 8 жылдан 3,5 жылға дейін жаза кесілді.
Істі Петропавл қалалық соты қарады.
Тергеу мәліметінше, айыпталушылар сот шешімдеріне ықпал ету үшін пара беру және алу фактілеріне байланысты және алаяқтық бойынша күдікке ілінген. Эпизодтардың бірінде судьяға қажетті шешім шығару үшін 15 мың доллар берілген. Сондай-ақ жол жөндеу компаниясына қатысты сот шешіміне ықпал ету үшін 2,5 млн теңге көлемінде ақша берілгені айтылды.
Сот үкімімен Солтүстік Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы болған Бекбол Баймахановке 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалды. Сонымен қатар ол өмір бойына мемлекеттік қызметте, судья лауазымында және квазимемлекеттік сектор ұйымдарында қызмет атқару құқығынан айырылды. Жазаны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Бұдан бөлек, сот шешімімен одан мемлекет пайдасына 1 284 000 теңге тәркіленеді.
Сондай-ақ Петропавл қаласы №2 сотының төрағасы болған Ерлан Ибраев 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол да өмір бойына мемлекеттік қызмет пен судья лауазымдарын атқару құқығынан айырылды. Сот үкімімен одан 2 250 000 теңге мемлекет пайдасына тәркіленеді.
Іс бойынша тағы бір айыпталушы - Алматы қаласының заңгері Артем Иванов аса ірі мөлшерде пара беруге оқталу фактісі бойынша кінәлі деп танылды. Сот оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырды.
Сонымен қатар сот Гамлет Мелконянды және Геворг Погосянды бірнеше рет пара беруге оқталу фактілері бойынша кінәлі деп таныды. Мелконянға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы, ал Погосянға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Сот үкімі бойынша барлық сотталғандар жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтейді.
Осы қылмыстық іске қатысты сот судья Омаровқа да жеке қаулы шығарды. Материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Бас прокуратураға жолданды. Ол Баймаханов пен Ивановты таныстырып,кездесуді ұйымдастырған. Бірақ кейін қылмыс туралы тиісті ведомствоға хабарлаған.
Естеріңізге салайық, 2024 жылдың желтоқсан айында СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Бекбол Баймаханов 15 мың АҚШ доллары сомасында пара алу кезінде ұсталған еді.