Сиезхан Құдабаев: Алашшыл Райымжан Мәрсекұлы лайықты тұғырына қашан қонады

Сиезхан Құдабаев
- Сиезхан Дәулетханұлы, Райымжан Мәрсекұлының өмір жолын зерттеуге қашан және қалай келдіңіз? Жалпы Алаш арысы туралы осы уақытқа дейін қандай тарихшылар немесе жазушылар зерттеу жұмыстарын жүргізді? Оған қатысты Ресейдегі және Қытайдағы архивтер зерттелді ме?
- Райымжан Мәрсекұлы туралы алғашқы дерек жазғандардың бірі тарихшы-мұғалім Қарпық Егізбаев (марқұм) «Қазақ тарихы» журналына көлемді зерттеу мақаласын жариялады. Қарпықтың ізденуімен 1991 жылы Райымжанның Қытайдағы некелескен жары Нұржамалмен Қызылкесікте (1962 жылы қазақ жеріне өткен) сұхбаттасудың сәті түскен екен. Кейін тарихшы-ғалым Светлана Смағұлованың редакторлығымен Райымжанның мақалаларын жинақтап «Қазақ қайда бара жатыр?» деген атаумен кітапша мен біраз зерттеу мақалалары жарық көрді. Бұдан басқа да Сәкен Өзбекұлының («Жұмбақ жан» - 1997), Нұрбек Шаяхметовтың («Алаштың күрескер азаматы» - 1998), Раиса Алинаның ( «Райымжан Мәрсеков - алыс жылдардың трагедиялық тағдыры» - 1999), Қайса Омарбектің («Алашта артық туған бір тұлға еді»-1999), Сұңғат Әліпбайдың («Алаш арысы ардақталсын» - 2003) т.с.с. баспасөз беттерінде бірлі-жарым зерттеу мақалалары жарық көрген. Десе де, Райымжанның өмірі мен еңбегі толық зерттелген жоқ. Рас, «Алаштың арысы - Райымжан Мәрсекұлы» атты зерттеу кітабымның алғашқы нұсқасы 2013 жылы Өскеменде жарық көргенімен, қаржы мен демеушінің жоқтығынан жеке архивімде әлі біраз дүниелер шаң басып жатыр...
Райымжан туралы зерттелім кітапты жазар алдында баспа беттеріндегі Алаш арыстары туралы кешегі-бүгінгі мағлұматтарға мұқият назар аудара жүріп, Райымжанның туған өлкесі Ұлан өңіріндегі көнекөз қарттармен, жамағайын-туыстарымен тілдесіп, деректерімді толықтырған едім.
- 1917 жылы 21-28 шілдедегі тұңғыш жалпықазақ съезінен 4 жыл бұрын Райымжан Мәрсекұлы мен Жаһанша Досмұхамедовтардың «съезді қазір шақыру керек» деген бастамасын Әлихан Бөкейхановтың сабырға шақырып, тоқтатқаны туралы деректер кездеседі. Райымжан мен Жаһаншалардың осы бастамасы туралы не ойлайсыз? Райымжан Семейге қашан және қалай келді? Тұңғыш жалпықазақ съезіне Райымжан қатысты ма?
Райымжанның інісі Шәрияздан мен әйелі Оғазия
- Райымжан Санкт-Петербордағы патшалық университетті 1902 жылы тәмамдап,Семейдің округтік сотында «помощник присяжного поверенного» қызметін атқарды. 1902-1911 жылдары Орыс география қоғамының Батыс Сібір бөлімінің мүшесі болды. 1907-1908 жылдары Тобыл өлкелік сотында, 1908-1912 жылдары Омбыдағы адвокатурада қызмет етті.
1912 жылы үйленген Райымжан Семейге қайтадан оралғандығы жөнінде «Айқапта» сүйінішті мақала (М.Малдыбаев) жарияланды. 1913 жылы «Айқап» журналына Райымжан «Бас қосудың керектігі» жөнінде мақала жазды. Генерал-майор Бабич, ротмистр Астраханцев бастаған жандармерия мекемелерінің құпия байланыс жеделхаттарында Ж.Сейдалин, Р.Мәрсеков, Б.Қаратаевтың бүкілқазақ съезін шақырудың шарасын ұйымдастырып жатқандығына ерекше алаңдаушылық білдірді.
1913-1917 жылдары «Қазақ», «Айқап» басылымдарында «Р.М.», «РОМ», «Найман» сияқты бүркеншік есіммен «Жер мәселесі», «Қазақ қайтсе жерге ие болады», «Ата қонысынан айырылған қазақ жайы», «Қазақ қайда бара жатыр?» тағы сол секілді өзекті мақалаларын жариялатты.
1913 жылы «съезді қазір шақыру керек» деген Райымжан мен Жаһаншаның бастамасы дер кезінде өткенде алаштықтар 1917 жылы өз ішінен жік-жікке бөлінбес еді деген ойдамын. Алаштықтардың арасына іріткі салған большевиктік жымысқы саясат өз дегендеріне жетіп, қазақтың көзі қарақты азаматтарының арасын арандатып, ажыратып жіберді.
Орынбордағы алғашқы жалпықазақ съезіне (1917) Райымжанның делегаттар тізіміне енгендігі жылғы «Қазақ» газетіне жарияланды, бұл дерек С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарында жазылған: «№ 5 тізімде Семей облысынан - 1.Әлихан Бөкейханов, 2. Айдархан Тұрлыбайұлы, 3. Әлімхан Ермекұлы, ...8. Жақып Ақпайұлы, ... 10. Райымжан Мәрсекұлы, ... 15. Мағжан Жұмабайұлы, барлығы - 19 адам».
- Бір сұхбатыңызда «Алаш партиясы неге басқа қалада емес, Семейде құрылды? Өйткені Семейде Райымжан Мәрсеков болды. Әлиханды шақыртып алған да осы - Райымжан еді» дегеніңіз бар. Осы сөзіңізді кеңірек тарқатып берсеңіз. Жалпы Әлихан мен Райымжан қанша уақыт үзеңгілес болып, Алаш үшін ат үстінде жүрді? Болашақта құрылмақ ниеттегі ұлттық мемлекеттің сот жүйесін қалыптастыруда Әлихан Райымжанға сенім артты деп айта аламыз ба?
Райымжан Мәрсекұлы атындағы орта мектептің алдындағы ескерткіш-тақта
- Бүкілқазақ съезінің шешімімен күллі қазақ жерінде «Алаш» партиясының облыстық комитеттері шаңырақ құрып жатты. «Алаш» көсемі Әлихан Сібір, Омбы, Семейде өткізілген қазақ съездерінде баяндамаларын көпшілік талқысына салып, партия мүшелері қажетті күштерін жинастырды. 1917 жылғы 21-ші қарашадағы «Қазақ» газетінде Әлиханды Семейде күтіп алғандардың бірі Райымжан екені жарияланды. «Алаш» партиясының Семейдегі облыстық комитетінің белді мүшелерінің бірі - Райымжан еді. «Семейдегі «Сарыарқа» газеті Алашорданың ресми тілі болды» деп Сәкен Сейфуллин дөп басып айтқандай, осы газеттің тұңғыш редакторлығын да Райымжан Мәрсекұлы басқарған.
Райымжан мен Әлихан Санкт-Петербордағы студенттік кездерінен саяси көзқарасы бір арнада тоғысып, серіктес болғаны тарихи құжаттардан белгілі. 1917 жылы ақпанда 1-ші дүниежүзілік соғыс майданына қара жұмысқа күшпен алынған қазақтардың мүддесін қорғап, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлы бастаған бір топ қазақ зиялыларынан жолданған Ақпан төңкерісі жайлы жеделхат Семейдегі Райымжанның қолына табыстырылғаны көп жайдың ақиқатын аңғартады. Осы жылдың 7 наурызында Семейде Райымжан Мәрсекұлы, Халел Ғаббасұлы, Әлімхан Ермековтың басшылығымен губерниялық қазақ комитеті құрылды. 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында Ресей демократиялық федеративтік республикасы құрамында Қазақ автономиясын құру мәселесімен Семейде өткен облыстық съезді ұйымдастырушылардың басында да Райымжан жүрген еді. 10 қарашада Райымжан Семейдегі облыстық Қазақ комитетінің төрағалығына сайланды. Осы жылдың желтоқсанындағы 2-ші жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметі құрылып, уақытша орны Семей қаласы қаласы болып жариялануы - Райымжан басқарған партия мүшелерінің белсенділігінің арқасы еді
Жалпы 1917-1920 жылдар Райымжанның саяси аренадағы белсенді кезеңі болды. «Алаштың» түбіне жеткен большевиктердің кесірінен Әлихан қамаққа алынды, Райымжан шетелге кетуге мәжбүрленді. Ақырында Мәскеудегі Әлихан да, Қытайдағы Райымжан да НКВД-нің құрбаны болды.
- Жазбаңызда Райымжанның Алаш әскерін құрып, Зайсанда уақытша Алашорда үкіметін құрғаны туралы өте қызықты деректерді келтірген екенсіз. Осы туралы тарқатып айтып өтсеңіз. Райымжанның Алаш қозғалысын Қытайда жалғастырғаны туралы не айтасыз? Ол жақта қазақ қамын жеген Зуқа, Оспан батырлармен, Ақыт қажымен, Таңжарықтай ақынмен Райымжанның кездесуі мүмкін бе?
- 1917 жылы 1 тамызда Қазақ Кеңесіне төрағалық еткен Райымжан Зайсандағы қазақтар мен казактар арасындағы қақтығысты күн тәртібінде мәселе етіп, казак гарнизонының әділетсіз ісін сотқа беруді талап етті. Зайсанда Алашорда үкіметін орнатуға белсене араласқан Райымжан бастаған отряд бар-жоғы 60 мылтық, 1 тачанке пулеметпен, көбі қылыш, шоқпармен қаруланған еді. Бабенко бастаған 500 кісілік қызылдың отряды жеңіске жетіп, Райымжан тұтқынға түскен. Жол торыған жігіттердің көмегімен Райымжан айдаудан босатылып, шекара асып кетеді.
Райымжан шекараның арғы бетінде де тыныш жатпаған, күресін жалғастырған. Қытайдағы шырғалаң жайында қысқаша баян етсек. Райымжан Алаш қозғалысын Қытай жерінде де жалғастырған. «Ақиқат» журналының 1992 жылғы санында жарияланған мемлекеттік архивтен алынған құпия құжаттың дерегі бұған айғақ. Онда: «Қытайдағы қазақ ұлтшыл-контрреволюциялық орталығының қызметі туралы:
Шекараның арғы бетінен түскен материалдардағы мәлімет бойынша арғы беттегі ұлтшыл қазақ контрреволюциялық орталығының жетекшісі Мәрсеков өткен жылдың (1931) соңғы күндерінде Джаирдан - Шарасуме (Алтай) қаласы ауданына келген. Жолшыбай Мәрсеков Қабықтағы бай Ақыш Шерединовке тоқтаған. Мәрсеков кейбір қазақтарға өзінің Алтайдағы моңғол байларымен бірігуді көздейтінін, сөйтіп СССР территориясына шабуыл жасауды мақсат ететінін мәлімдеген... Дам мекенінде Қонысбеков Қасенге тоқтаған. Отряд Алтайға кетіп барады екен. Сапарларының мақсаты анықталмаған.Мәлімет тексеруді қажет етеді. № 50-ші шекара отрядына Алаш отрядының Алтайға аттану мақсатын анықтау тапсырылды. (ҚР Мемл. Қауіпсіздігі Комитеті архиві, 106 -Т. Архив № 9, 569-п).
Райымжан басқарған Қытайдағы «Қазақ орталығының» тағдыры ұзаққа бармады. Қытаймен үздіксіз жасырын байланыста болған ОГПУ қарулы топпен шекарадан «жансыздарын» жасырын өткізіп, қазақ ұйымдарын үнемі талқандап отырған. Кезекті «жорықта» Райымжанның тобы да қолға түсті.
Мен Қытайға 2012 және 2014 жылдары Жеменей - Алтай - Үрімші - Құлжа бағыттарында екі мәрте сапарлап барғанмын. Ішкі мүддем Райымжан туралы деректер іздестіру еді. Ешбір жан Райымжан туралы дерек бере алмады. Қазақтың тұрмыс-тірлігіне қабырғасы қайысқан Зуқа, Оспан, Ақыт, Таңжарық сияқты тұлғалармен Райымжанның көзайым болуы әбден мүмкін...
- Райымжанның өмірінің соңы қалай өтті? Алаш арысының қапқа салынып, қорлықта өлтірілгені туралы сөзбен келісе қоймайтыныңызды айтып қалғаныңыз бар еді...
- Әлихан да, Райымжан да Мәскеудің Бутырка түрмесінде жатып, азапталды деген өзімнің ішкі пікірімнен айныған емеспін. Райымжанды Қытай жерінен тірідей өткізіп алып, қызылдың саясатына қарсы қылмыстарын тізімдеп, көзін жойғаны әбден кәміл... Кеңестік тыңшылар шеттегі «жауларын» әманда «орталыққа» жеткізіп азаптағанын талай естіп-оқып, ойға тоқыдық емес пе?..
- Райымжанды лайықты тұғырына көтере алдық деп ойлайсыз ба? 2000 жылдардың басында Қасым Қайсенов кентіндегі жалғыз мектепке Райымжанның атын бергізуге күш салған екенсіз. Райымжанды жұрт әлі де көп біле бермейтін секілді...
- Райымжанды лайықты тұғырына қондыра алмай-ақ келеміз. Әлихан, Ахмет, Мағжан, Міржақыптармен иықтас болған Райымжанның іздеушісі жоқ болғандықтан Тәуелсіз заманымыздың көлеңкесінде қалып келе жатқанына қамығамын. Қолымнан келген шара Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының орталығындағы қазақ орта мектебіне 4 жыл жергілікті билікпен айтысып жүріп Райымжанның есімін бергізгенім. Алматы қаласына бюстке тапсырыс берілген еді, қаражаттың тапшылығынан мүсіншінің ауласында иесіз қалды.
Тәуелсіз еліміздің тарихын түгендеуде телегей еңбек сіңірген тарихшы ғалым, академик Манаш Қозыбаев «Егемен Қазақстан» газетінде 2001 жылы жарияланған «Ұлы тұлға» атты мақаласында Райымжан турасында сындарлы пікірін саралап былай деген екен: «...Ол қазақ Алаш ұлттық партиясын ұйымдастыршылардың бірі болды. 1917 жылы 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық съезін ұйымдастырып, оған төрағалық етті. Қоғам қайраткері ретінде елінде, көп еңбек сіңірді. Саналы ғұмырын халқының бостандығы мен тәуелсіздігі жолына жолына арнады. Артына мол әдеби және ғылыми мұра қалдырды». Ғалымның осынау ұлағатты сөздерін Ұлан ауданының орталығындағы қазақ мектебіне Райымжанның есімін беру кезінде ескерткіш мәрмар тасқа фотосымен арнайы қашатып жаздырттым.
Қарнымыздың тоқтығын ойлап, рухымыздың әлі де болса толыққанды түрде оянбай келе жатқандығына қынжылатыным рас. Әйтпегенде Райымжандай асылымыздың ескерткіші облыс орталығы Өскеменде айшықталар еді! Кеңестік биліктің номенклатурасы Протазановқа бұйырған бюст пен көше Алаштың арысына бұйырмай отыр! Айта-айта Райымжанды, рухсыз марғаулардан көңіл қалды. Бүгін, 4 тамыз Райымжанның туғанына 140 жыл толып отыр. Не айтар екенсің, Алашшыл жұртым?!
- Сұхбатыңызға рахмет!