Silk Way Star 2025: Гранд-финалдың жеңімпазы - Мишель Джозеф

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Астанада «Silk Way Star» халықаралық жобасының гранд-финалы мәресіне жетіп, жобаның жеңімпазы Мишель Джозеф (Моңғолия) болды.

Silk Way Star 2025: Гранд-финалдың жеңімпазы - Мишель Джозеф
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Төрешілердің бағасы мен көрермендердің дауыс беру нәтижесі бойынша да жеңімпаз бірдей анықталды.

Жобаның финалында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин оқып берді.

– Silk Way Star – Азия елдерінің рухани ықпалдастығын нығайтып, халықтарымыздың достығын бекемдей түсетін бірегей бастама. Silk Way Star – мәдени дипломатияның айқын көрінісі, ұлттарымыздың салт-дәстүрі мен шығармашылығын паш ететін тамаша жоба. Осындай ауқымды іс-шаралар ынтымағымызды күшейтеді, ортақ құндылықтарымызды жан-жақты дәріптейді, – деді Ерлан Қарин. 

ерлан Карин
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева сөз сөйлеп, байқаудың маңыздылығын атап өтті.

– Қадірлі қонақтар, құрметті қатысушылар! Silk Way Star байқауының гранд-финалы құтты болсын! Биыл маусым айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның кездесуі кезінде 12 мемлекет қатысатын халықаралық музыкалық жобаны бастау туралы құжатқа қол қойылды.

Осы идеяның авторы Ерлан Тынымбайұлына және Jibek Joly арнасына зор сенім білдіргені үшін шынайы алғысымды айтамын. Сондай-ақ қытайлық әріптесіміз China Media Group компаниясына және оның жетекшісі Шэнь Хайсюн мырзаға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін көп рақмет. Ал енді… жобаның ең маңызды кезеңі - Silk Way Star байқауының жеңімпазы кім деп ойлайсыздар? Оны әлемнің жарық жұлдызы Димаш айтсын, – деді Раушан Қажыбаева.

Өз кезегінде әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген сахнада сөз сөйлеп, қатысушыларды құттықтады.

Silk Way Star жобасы
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

– Армысыздар, аса қадірлі көрермендер! Бүгін елімізде Silk Way Star сахнасында 12 елден келген қатысушыларға үлкен қуанышпен қош келдіңіздер демекпін. Ерекше толқып тұрмын. Құрметті ағайын, әрбір қатысушы осы жоба аясында өз елінің мәдениетін, руханиятын, ең әдемі тұстарын, сазды әуенін күллі әлемге жоғары деңгейде көрсетті. Рұқсат болса, көп созбай ақ қояйын, Silk Way Star жобасының жеңімпазы Моңғолиялық өнерпаз Мишель Джозеф, – деді Димаш Құдайберген.

Сондай-ақ ол моңғолиялық өнерпазға байқау жеңімпазына берілетін мүсінді табыстады.

димаш
видеодан алынған кадр
Silk Way Star
Фото: Ағыбай Аяпберген / Kazinform

Айта кетейік, жоба Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадио кешені мен Қытайдың China Media Group (CMG) медиакорпорациясының келісімі бойынша ұйымдастырылған. Байқауда Әзербайжан, Армения, Грузия, Малайзия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Корея сынды 12 елден қатысушылар өнер көрсетті.

Silk Way Star
Фото: Ағыбай Аяпберген / Kazinform

Байқаудың түсірілім жұмыстары 2025 жылдың 20 тамызында басталған, жалпы он эпизод болды.

Финалда ALEM (Қазақстан), Язмин Азиз (Малайзия), Автандил Абесламидзе (Грузия), Мишель Джозеф (Моңғолия), Чжан Хэ Сюань (Қытай), Саро Геворгян (Армения) және Мадинабону Әділова (Өзбекстан) өнер көрсетті.

Сонымен қатар жеңімпазды анықтау үшін аралас дауыс беру жүйесі қолданылды қазылар алқасының бағасы - 50 пайыз, онлайн-көрермен дауысы - 50  пайыз. Қазылар құрамында әншілер, продюсерлер мен медиасаланың өкілдері болды.

Айта кетейік, Қытай мемлекеттік бірінші санатты. танымал композитор, музыкалық продюсер, Silk Way Star халықаралық тележобасының төрешісі Хун Бин Kazinform тілшісіне сұхбат беріп, жоба туралы пікірімен бөлісті.

Сонымен қатар Silk Way Star халықаралық тележобасының финалына орай қазылар алқасының мүшесі Ерболат Беделхан пікір білдірген еді.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар