Silk Way Star авторлары мегажобаның негізгі сахнасы қалай құрылғанын айтып берді
АСТАНА.KAZINFORM - Silk Way Star алғашқы азиялық вокалдық жобасының үш айында 12 елден келген әншілер Астанадағы сахнада өнер көрсетіп, 90-нан астам ерекше нөмірді көпшілік назарына ұсынды. Бұл жобаны ұйымдастырушы команда алғаш рет сахна дизайнының көркемдік тұжырымдамасы, күрделі техникалық шешімдер және 22 қарашада өтетін финалға дайындық туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Жібек жолының метафорасы ретіндегі сценография
Жобаның шеф-редакторы Қасымхан Алдашев Silk Way Star-дың көркемдік тұжырымдамасы мәдени байланыс пен ілгерілеудің символы саналатын Жібек жолының сипатына негізделгенін атап өтті.

– Конструкцияның негізінде үздіксіз өрлеу мағынасына екпін қойылды. Мұның мазмұнын сахнадан бастап жоғары қарай созылған жарық спиралінен анық байқауға болады. Бұл тұрғыда әр әншінің жүріп өткен жолын көрсеткіміз келді, яғни сахнаға алғаш шыққан сәтінен бастап халықаралық финалдың шыңына дейінгі арылығын сипаттадық, - дейді Алдашев.
Әуеде қалықтаған LED-спиралы бар көп деңгейлі сахна осы шоудың негізгі символдарының біріне айналды. Динамикалық дизайнның арқасында бұл жобаға қатысушылар ондаған көркемдік шешімдерді жүзеге асыра алды, яғни минималистіктен бастап этникалық және футуристікке дейінгі идеялар қамтылды.
Қойылымдар қалай жасалады?
Жобаның бас режиссері Анатолий Фролов команда әрбір әртіс үшін жеке қойылым жасағанын атап өтті.

Түсірілім алаңында 15 камера, LED еден және әр нөмірге арналған графика мен визуалды бейнені көрсететін LED-экрандардың спиралы болды.
– Бұл конструкция бірыңғай жол идеясын айқын көрсетіп тұр. Оған мұқият қараған көрермендер «S» әрпі бейнеленгенін аңғарды. Ол - Silk Way Star символы және жоғары қарай өрлеудің метафорасы, - деді Фролов.

Оның айтуынша, 99,9% жағдайда қойылымдар режиссердің тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылып отырды, бірақ әртістер өздерінің елдерінің стилін ерекше атап өту үшін тиісті элементтерін де енгізді.
Сахна сыртындағы өмір
Бір нөмірді толық шығару үшін ондаған маман жұмыс істейді. Олардың қатарында режиссерлер, операторлар, техникалық қызмет, музыка продюсерлері, реквизиторлар, жарықтандыру және дыбыс инженерлері, хореографтар, стилисттер және гримерлер ауқымды жұмысты атқарады.

Режиссердің ассистенті Анора Абдурахманова қойылым арасында сахнаны қайта құруға екі-бес минут аралығында уақыт керек екенін айтты.
– Әрбір секундты дәл есептеп, таймингке сәйкес келуін қамтамасыз ету үшін эфирге дейін сахнадағы іс-қимылдарды бірнеше рет дайындықтан өткіземіз, - дейді ол.
Сонымен қатар техникалық команданың өкілдері кейбір нөмірлер күрделі шешімдерді қажет еткенін атап өтті. Қойылым кезінде көтеріліп-түсетін жылжымалы металл конструкциялар қолданылды. Осы арқылы шаңырақ бейнесін және өзге де күрделі көріністерді тамашалауға мүмкін болды.

Мұнымен қоса, арнайы трюк жасаудың элементтері де болды. Альпинист сахнаның жоғарғы деңгейіне дейін көтеріліп, арнайы эффекті үшін реквизиттерді дәл уақытында төменге түсіріп отырды. Мұндай қойылымдар дәлдік пен ерекше қауіпсіздік шараларын талап етеді.
Гранд-финал несімен ерекше болады?
Бас режиссердің айтуынша, финал осыған дейінгі тоғыз эфирден өзгеше болады.

– Бұған дейін декорациялардың ауқымымен және күрделі графикамен барлығын таңдандырдық. Бірақ, финал басқаша болады. Әншілер таза вокалдық өнерін кеңінен танытуы үшін кеңістіктік ауқымды болуы керек деген шешімге келдік, - деді ол.
Шығармашылық команда дайындық жұмыстарын аяқтауға жақындады, ал финалистер осы маусымдағы ең мықты нөмірлерін дайындап жатыр.
Гранд-финал 22 қарашада сағат 20:00-де Jibek Joly телеарнасында өтеді.
Оның трансляциясы Қазақстанда, Әзербайжанжа, Қырғызстанда, Тәжікстанда және Моңғолияда бір уақытта көрсетіледі.
Silk Way Star финалистері:
ALEM (Қазақстан)
Язмин Азиз (Малайзия)
Автандил Абесламидзе (Грузия)
Мишель Джозеф (Моңғолия)
Чжан Хэ Сюан (Қытай)
Саро Геворгян (Армения)
Мадинабону Адылова (Өзбекстан)
Жеңімпаз аралас жүйе бойынша анықталады: 50 пайызы қазылар алқасы және қалған 50 пайызы онлайн дауыс беру арқылы. Әншілерді silkwaystar.org сайтында қолдауға болады.
Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен China Media Group (CMG) медиакорпорациясы арасындағы келісім аясында жүзеге асырылып жатыр.