«Silk Way Star» байқауы бірқатар Азия елінде телеарнадан көрсетіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өтетін Азия елдері арасындағы «Silk Way Star» халықаралық байқауы жобаға қатысушы елдердің бас телеарналарынан көрсетіледі. Бұл туралы өнер додасының басталуына орай «Қазмедиа орталығы» студиясында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

«Silk Way Star» байқауы бірқатар Азия елінде телеарнадан көрсетіледі
Фото: Kazinform

— Әр елде сол елдің тілінде көрсетіледі. Мысалы біздің елде алғашқы кезең 20 қыркүйек күні эфирге шығады. Содан кейін ол Қытайда қытай тілінде көрсетіледі. Орталық Азия елдерінің телеарнасында сол өз елдерінің тілдерінде көрсетіледі, — дейді «Jibek Joly/Silk Way» телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуған. 

Сондай-ақ спикер 12 елден келетін қатысушылар мен жюрилердің өз елдерінде танымал жұлдыздар және айтулы мамандар екенін атап өтті. 

— Олар өз елдерінде атақты халық әртістері, музыкалық продюссерлер, танымал тұлғалар. Солардың бәрінің талаптарын ескере отырып, жоба жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатыр, — деді Еркежан Күнтуған.

Одан бөлек ол байқаудың келесі жылы Қытай Халық Республикасында өтетінін айтты. Ал одан кейінгі жылдары бұл байқауды өткізуге өзге де Азия елдері ұсыныс жасаса, оларға байқауды өткізу мүмкіндігін беруге еш кедергі жоғын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Азия мемлекеттері арасында алғаш ұйымдастырылған музыкалық байқау Астанада өтетінін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар