Silk Way Star байқауына дайындалып үлгермедім — Қырғыз қатысушысы

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғыз әншісі қазақстандық рэпермен бірге жаңа туындыны жарыққа шығармақ. Бұл туралы Silk Way Star жобасына Қырғыз Республикасының атынан қатысып жатқан Тамға хабарлады.

қырғызстандық әнші
Фото: instagram.com/tamgamusic

— Бұл жобаға күтпеген жерден қатыстым. Маған дейін Қырғызстанның атынан басқа әнші қатысатын болыпты. Бірақ уақыт жақындағанда жоспарлары өзгеріп, мен келдім. Бұл мен үшін ерекше сыйлық. Астанамен жақынырақ танысып, басқа да 12 өлкеден келген қатысушылармен достық қарым-қатынас құратыныма сенемін, — дейді әнші Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.

Қырғызстандық қатысушы халықаралық байқауға небәрі екі күн дайындалып үлгергенін айтты.

— Шынын айтсам, мен дайындалып үлгермедім. Әндерді таңдап, аз ғана әзірленуге бір-екі күн ғана уақыт болды. Негізінен мені Қырғызстанда мықты музыкант-рэпер ретінде таниды. Алғашқы әйел рэперлердің қатарына кіремін. Бірақ бұл сынақта әртіс ретінде әртүрлі тұстарыңды көрсетуің керек. Сол үшін басын рэппен бастадым. Қазір қырғыз шығармаларындағы күшті туындыларды шырқап жатырмын. Қырғыздардың әуен ырғақтарын, мақамын, қомыздың үнін, Манас эпосынан алынған мотивтерді де халыққа көрсеткім келеді, — дейді Тамға.

Әнші байқаудағы ең басты сыйлық — халықтардың достығы екенін де атап өтті.

— Әуел бастан-ақ бұл байқауда мен достықты ғана бағалаймын деген ұстаныммен келгенмін. Одан кейін ғана сынақтың ережелері мен әділқазылардың бағаларына мән беремін. Байқау болған соң түрлі нәрсе болып тұрады ғой. Бірақ достық — бірінші орында. Сахна сыртында біз барлық қатысушымен жақсы қарым-қатынастамыз. Бір-бірімізге жәрдемдесіп, тартынбай сөйлесеміз. Бәріміздің де ұстанымымыз бір болғаннан кейін, бір-бірімізді үнемі қолдап жүруіміз керек деп ойлаймын, — дейді студия қонағы.

Қазақстан мен Қырғыз елінің өнерпаздары екі елдің ынтымағын тағы бір рет дәлелдеп, тыңдармандарды жақында жаңа туындымен қуантпақ.

— Бұл сынаққа келген әрбір әнші жаңа дүниелермен танысып, шығармашылығын дамытуды және түрлі ұлттардың музыкалық мәдениетімен танысуды армандап келеді деп ойлаймын. Сондықтан қазір қатысушылармен жақсы келісімдер жасап жатырмыз. Бұл байқауда мен Еңлік атты әншімен таныстым. Оны 3-4 жыл бұрын Қырғызстанда жүргенде танып, сөйлескім келіп жүрген. Silk Way Star бізге осы мүмкіндікті берді. Қазір келісім жасап жатырмыз. Мүмкін, жақын арада жаңа музыкамен, «қазақ-қырғыз бір туған» деп тыңдармандарды қуантармыз, — дейді қырғызстандық әртіс.

Студия қонағы Silk Way Star байқауы туралы ойымен бөлісті.

— Бұған дейін де көптеген вокалдық сынақтарға қатысып жүрмін. Халықаралық байқауларда да бақ сынағанмын. Бірақ мұндағы байқаудың көлемі үлкен. Мықты дайындық жасалған, әртістерді жан-жақты қолдап жатыр. Мұндай масштабтағы күшті бәсекеге алғаш рет келуім. Бұл жоба — мен үшін өз-өзімді сынау. Қырғызстанның атын өзге өлкелерге таныту — үлкен жауапкершілік. Осы атты арқалап келгенім үшін мақтанамын. Және өз елімді жақсы жағынан көрсеткім келеді. Әрине, бұл шығармашылығыма да оң әсерін тигізетіні белгілі. Осы байқауда өзімнен кәсіби түрде, бұған дейін жасаған еңбегімнің қандай деңгейге жеткенін сұрап, есеп бердім, — дейді Тамға.

Айта кетейік, бұған дейін Қырғыз Республикасынан келген қазылар алқасының мүшесі Тамғаға сәттілік тілеп, лайфхактарымен бөліскен еді.

Соңғы жаңалықтар