Silk Way Star: қатысушылар қазақстандық хиттерді 11 тілде орындады
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада халықаралық Silk Way Star вокалдық байқауы жалғасып жатыр. Үшінші эпизод артта қалып, жобадан тағы бір қатысушы шығып, жарыс одан әрі қыза түсті. Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды.
Осы аптада қатысушылар көрермендерге ерекше шығармашылық сый жасады. 11 елден келген әншілер қазақстандық хиттерді өздерінің ана тілінде орындады. Мұндай музыкалық тәжірибе тыңдармандардың ерекше қызығушылығын тудырып, таныс әндер жаңа үн мен реңкте естілді.
Байқаудың үшінші эпизодында сахнаны алғаш болып Түрікменстаннан келген әнші Довран Шаммыев ашты. Ол қазақстандық әнді орындағаннан кейін қазақ пен түрікмен халықтарының рухани жақындығын ерекше сезінгенін айтты.
— Біз де жылқыны өте жақсы көреміз, әсіресе ақалтеке тұқымын. Біздің елде оны жай ғана адамның досы емес, отбасының мүшесі деп санайды. Сондықтан Қазақстанда атқа мінген сәтте мен осы жердің рухын, халқын сезіндім және оларды жүрегіммен қабылдадым, — деп бөлісті Довран Шаммыев.
Алайда барлық қазылар оның өнерін жоғары бағалай қойған жоқ. Әнші мұны түсіністікпен қабылдап, әр сарапшының өз кәсіби пікірі бар екенін атап өтті.
Келесі болып Малайзиядан келген Язмин Азиз сахнаға шықты. Қазақстандық хит оның орындауында тың серпінмен естілді. Қазылар алқасы оның дауысы мен сахнадағы харизмасын атап өтті, дегенмен кейбірі бұл жанрдың оған беймәлім екенін айтты.
— Бұл жолы өзімді толық көрсете алмадым, қазылар пікірімен келісемін, — деді ол.
Көрермен залында Язминге қолдау білдірген жігіт те болды — ол әншінің өнерін көру үшін арнайы Малайзиядан ұшып келген.
Қытайлық Чжан Хэ Сюань Қазақ ұлттық өнер университетіне барып, жоғары әсер алғанын айтты.
— Өз студенттік шағыма қайта оралғандай болдым. Silk Way Star маған осындай мүмкіндік сыйлады, — деді ол.
Әнші әйгілі «Таңғы қала» әнін қытай тілінде және рок-стильде орындады. Қазылар оның дауысы мен сахнадағы еркіндігін жоғары бағалады.
Қырғызстаннан келген жарқын орындаушы Тамға қазақстандық әнші Yenlik-тің әнін өз тілінде шырқады.
— Мен Yenlik-тің шығармашылығын жақсы көремін, сондықтан оның әнін таңдадым. Бұл — екі елдің өнерпаздары арасындағы шығармашылық байланыс, — деді ол.
Сонымер қатар сахнада Yenlik пен Тамға бірге ән шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Грузиялық Автандил Абесламидзе романтикалық композиция орындап, тыңдарманға шабыт сыйлағысы келетінін айтты.
— Қазақ әнінің сөзін өзім аудардым, ол маған алғашқы махаббатымды еске салды, — деді әнші.
Қазылар оның вокалдық техникасын және сахнадағы харизмасын жоғары бағалады.
Астананы аралау барысында әнші Ұлттық музейге барып, ғарышкердің нағыз скафандарын көргенін ерекше атап өтті.
Оңтүстік Кореялық K-pop тобы Kandis қазақтың ұлттық тағамдарын татып көріп, жергілікті мәдениетпен танысты. Топ мүшелерінің бірі әзілдеп:
— Кореяда мені бойшаң дейтін, ал Қазақстанда өзімді кішкентай сезіндім, — деді.
Сахнада квартет «Кеш мені» әнін корей тілінде орындады. Қазылар алқасы олардың үйлесімді вокалын және нәзік музыкалық интерпретациясын жоғары бағалады.
Өзбекстаннан келген ең жас қатысушы Мадинабону Адилова Астананы биіктен тамашалап, дайындық арасындағы әсерімен бөлісті.
— Бұл жолы өзімді жан-жақты әнші ретінде көрсеткім келеді. Әнді өзіме арнадым, — деді ол.
Жас әнші шығарманы өзбек тіліне анасымен бірге аударғанын айтты. Қазылар оның орындауындағы нәзіктік пен эмоцияны ерекше атап өтті.
Грузиялық Саро Геворгян қазақтың ұлттық шапанын киіп, ұлттық нақышқа қызығушылығын білдірді. Оның махаббат тақырыбындағы әні залда отырған көрерменнің де, қазылардың да көңілін толқытты.
Моңғолиялық Мишель Джозеф үшін қазақ әнін өз тілінде орындау жаңа тәжірибе болды. Ол мәтінді өзі аударып, өз стилін сақтауға тырысқан.
— Мен барлық шетелдікті Астанаға келуге шақырғым келеді. Мұнда бәрі заманауи, әдемі әрі ерекше, — деді әнші.
Ол Jibek Joly телеарнасының студиясында болып, роботтандырылған камераларды көріп таңданысын жасырмады.
Тәжікстандық Фахриддин Хакимов Ұлттық музейге барып, Ұлы Жібек жолының тарихымен танысты.
— Менің туған қалам Истаравшан да осы жолдың бойында орналасқан. Бұрын сауда байланыстырған жол бүгінде бізді музыка мен мәдениет арқылы біріктіріп отыр, — деді ол.
Оның әсерлі орындауы қазыларды да сахнаға шығарып, би билеуге жетеледі. Әнші көрерменнің сұрауымен әнін бис ретінде қайта орындады.
Қазылар алқасы олар тек вокалды ғана емес, әртістің сахнадағы жалпы өнер көрсетуін бағалайтындарын атап өтті.
Өз кезегіне қазақстандық орындаушы ALEM (Батырхан Маликов) өзіне тән ерекше стильде «Қайда» әнін орындап, жоғары бағаға ие болды.
Үшінші эпизод қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинағандар — ALEM (Қазақстан) және Kandis (Оңтүстік Корея).
Жалпы үш эпизодтың нәтижесінде жобада көшбасшылықты қазақстандық ALEM сақтап келеді, ал Түрікменстан өкілі Довран Шаммыев жобамен қош айтысты.
Silk Way Star — Азиядағы алғашқы халықаралық вокалдық жоба. Байқауға 12 елдің өкілдері қатысуда: Әзербайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Корея.
Жобаның жаңа эпизодтары әр сенбі күні сағат 20:00–де Jibek Joly телеарнасында көрсетіледі.
Бұған дейін Silk Way Star халықаралық вокалдық байқауының үшінші эпизодынан кейінгі нәтижелер белгілі болғанын жазғанбыз.