Silk Way Star: қытайлық қатысушы қазақстандықтарға рахмет айтты

АСТАНА.KAZINFORM - Silk Way Star халықаралық тележобасының қытайлық қатысушысы Чжан Хэ Сюань қазақстандықтарға алғыс айтты.

Чжан Хэ Сюань - Silk Way Star
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Чжан Хэ Сюань финалда Silk Way Star жобасының қытайлық төрешісі Хун Бинның «Уақыт өзені» әнін таңдап, табысты өнер көрсетті.

Қытайлық әнші төрешілер бағасын алғаннан кейін тікелей эфирде жүрекжарды лебізін білдірді.

- Осындай ірі халқаралық жобаға қатыспағаныма көп болды. Silk Way Star жобасына алғысым шексіз. Бұл менің Қазақстанға бірінші рет келуім. Мәдениет пен музыканың сиқыры маған қазақстандық достардың ықыласын сезінуге мүмкіндік берді, - деді ол.

Чжан Хэ Сюань жобаға қатысушы елдер арасындағы достықтың мәңгілікке жалғасуын тіледі.

- Түсірілім барысында бағдарлама тобының кәсібилігі мен жанашырлығын да байқадым. Әрбір қатысушының еңбегіне алғысымды білдіремін, сондай-ақ көрермендердің қолдауы мен жігерлендіргені үшін ризамын. Меніңше, музыка — бұл көпір және музыка арқылы 12 ел арасындағы достық мәңгілікке сақталсын деп үміттенемін. Қытай баршаңызды қарсы алады,- деді ол.

Еске салайық, Silk Way Star финалына жеті орындаушы өтті: ALEM, Язмин Азиз, Автандил Абесламидзе, Мишель Джозеф, Чжан Хэ Сюань, Саро Геворгян және Мадинабону Әділова.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Чжан Хэ Сюань Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin Live» бағдарламасында қонақта болған еді.

 

Соңғы жаңалықтар