Silk Way Star: малайзиялық-филиппиндік әнші қазақстандық тыңдарманды баурап алды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда өтіп жатқан халықаралық вокалдық байқау Silk Way Star сахнасында әнші Язмин Азиз өнер көрсетіп жатыр. Малайзиялық-филиппиндік өнерпаздың есімі кеңінен танымал, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Жас күнінен-ақ Язмин көптеген байқауларға қатысып, марапаттарға ие болған. Олардың қатарында Canadian Global Awards Winner атағы да бар. Ол Малайзия атынан АҚШ-та өткен World Championship of Performing Arts және Жапонияда ұйымдастырылған Karaoke World Championship секілді беделді жарыстарға қатысып, бірнеше медаль жеңіп алған.
Әнші аймақтың ең ірі сахналарында жиі өнер көрсетіп жүр. Оны Big Stage, Lagu Cinta Kita телешоуларынан көруге болады. Ал әндері бірнеше рет ұлттық хит-парадтар — Hitz Met10 және Rakita тізіміне енген. Оған үлкен танымалдылық әкелген — Mobile Legends Professional League ресми гимні.
Язминнің сахналық мансабы халықаралық қызметімен де тығыз байланысты. Ол ASEAN саммиттерінде әлемдік көшбасшылар мен корольдік әулеттердің өкілдері алдында ән салып, жаңа буынның мәдениет елшісі ретіндегі мәртебесін бекіте түсті.
Музыкадан бөлек, Язмин — ықпалды цифрлық креатор. Оның әлеуметтік желілерде 1,7 миллионнан астам оқырманы бар. Ол digital-саласында сарапшы ретінде де танылған. Әрі әйгілі платформалармен және Азия-Тынық мұхиты аймағының жетекші брендтерімен бірлесіп, жұмыс істеп жүр.
Silk Way Star сахнасында Язмин Азиз музыка мен мәдениетті ұштастырып, өз еліндегі ең жарқын әрі болашағы зор өнерпаздарының бірі екенін дәлелдеп жатыр.
Айта кетейік, 21 қыркүйекте Астанада Silk Way Star байқауының алғашқы кезеңі аяқталды. 12 қатысушының әрқайсысы өз ана тілінде ән орындады.
Жалпы көгілдір экраннан 10 рет қалың көрермен назарына ұсынатын халықаралық жобаның ұзақтығы 1,5 сағаттан асады. Трансляция қазақ, қытай және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.
Еске сала кетейік, Язмин Азиз Silk Way Star байқауының алғашқы кезеңінде топ жарған еді.