Silk Way Star — Президент Телерадиокешені мен CMG-дің жаңа жобасы

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астанада ҚР Президентінің Телерадиокешені мен Қытай Медиа корпорациясы (CMG) «Silk Way Star» халықаралық жобасы туралы келісімге қол қойды.

Қазақстан мен Қытай 24 үкіметаралық келісімге қол қойды
Фото: Ақорда

Құжат Қытай Халық Республикасы Төрағасының Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында қабылданды. Қол қою рәсімі екі ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің қатысуымен өтті.

Келісімге Президент Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева мен CMG Қытай Медиа корпорациясының басшысы Шэнь Хайсюн қол қойды.

«Silk Way Star» — Орталық Азия елдері, Кавказ және Қытай әншілері қатысатын алғашқы бірлескен музыкалық жоба. Жоба аясында байқаулық өнер көрсетулер, шоу бағдарламалар мен гала-концерт жоспарланған. Әр түрлі тілде шырқалатын әндер мен жарқын кросс-мәдени музыкалық коллаборациялар мәдениеттер арасындағы ерекше шығармашылық диалогті қалыптастырмақ. Аймақ елдерінің көрермендері Silk Way және CGTN телеарналары арқылы жаңа шоудың көркем эпизодтарын тамашалай алады.

— Бүгін қол қойылған Келісім біздің медиа компаниялар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашады. Қазақстан мен Қытайдың жетекші екі медиакомпаниясы алғаш рет әлемдік деңгейдегі жобаны бірлесіп жүзеге асырады, — деді Президент Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева.

Ал CMG басшысы Шэнь Хайсюн жобаның бірлесіп атқарылуы — екі компания үшін де ерекше тәжірибе екенін айтты.

— Silk Way Star жобасының ауқымы Президент Телерадиокешені мен Қытай Медиа Корпорациясы арасындағы стратегиялық әріптестік деңгейіне сай келеді. Оның бірлесіп атқарылуы — екі компания үшін де ерекше тәжірибе, — деп атап өтті CMG басшысы Шэнь Хайсюн.

Сондай-ақ ҚР Президенті Телерадиокешені мен Қытай Медиа корпорациясы БАҚ саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі Келісімге қол қойды.

Еске сала кетейік, 2024–2025 жылдары ҚР Президенті Телерадиокешені мен CMG бірқатар бірлескен жобаны табысты жүзеге асырды. Атап айтқанда: «Астана–Бейжің» телекөпірі, «SCO — Build Strength Through Multilateral Dialogue» телеконференциясы, «SCO Connect» арнайы шығарылымдары. Сондай-ақ қазақстандық және қытайлық деректі фильмдермен тұрақты түрде алмасу және трансляциялау жүзеге асырылып келеді.

ҚР Президентінің телерадиокешені — толық циклды қазақстандық медиа-компания, құрамына: Jibek Joly республикалық телеарнасы, Silk Way және Silk Way Cinema халықаралық телеарналары, Kazinform ХАА және Деректі фильмдер орталығы кіреді.

Қытай медиакорпорациясы (CMG) — әлемдегі ең ірі медиа конгломераттардың бірі. Оған Қытайдың орталық телевизиясы (CCTV), Қытайдың халықаралық телевизия желісі (CGTN), Қытай ұлттық радиосы (CNR) және Қытай халықаралық радиосы (CRI) кіреді. Корпорация құрамында барлығы 47 телеарна, 17 радиостанция және 17 газет бар.

Айта кетейік, 2024 жылы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары аясында ҚР Президентінің Телерадиокешені мен Қытай Медиа корпорациясы (CMG) ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын.

Соңғы жаңалықтар