Silk Way және CGTN телеарналары бірлескен бағдарламалар көрсетеді

АСТАНА. KAZINFORM - Осыған дейін екі телеарнада Астана мен Бейжің арасындағы телекөпір көрсетілді. Онда жүргізуші мамандар сарапшылармен бірге Қазақстан мен ҚХР арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қатысты өзекті мәселелерді, сондай-ақ ШЫҰ саммитінің алдағы күн тәртібін талқылады.

Silk Way және CGTN
Фото: Silk Way телеарнасы

Енді 2 шілде күні сағат 10:10–да телеарналар көрермені ШЫҰ саммиті қарсаңында ШЫҰ аясындағы ынтымақтастық, сондай-ақ Ұйымға мүше қос ел — Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық өзара іс-қимыл тақырыбына арналған ток-шоуды тамашалайды. Ток-шоу қонақтары — АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов, Назарбаев университетінің профессоры Джиянг Донг және Тегеран университетінің профессоры Мохаммад Маранди болды. Бағдарламаны Айнұр Иманғалимен бірге Қытайдың танымал журналисі Тиан Вэй жүргізді.

Сонымен қатар, Silk Way және CGTN тілшілерінің арнайы жаңалықтар блогы екі телеарнада да көрсетіледі. Дәурен Исағұлов пен Чен Тонг Қытай мен Қазақстанның сауда-экономикалық, дипломатиялық және білім беру салаларындағы ынтымақтастығы туралы әңгімелейді. Балжан Самигуллина мен Донг Шуэ алдағы ШЫҰ саммитінің күн тәртібін егжей-тегжейлі баяндайды.

Айта кетсек, Silk Way — Қазақстаннан тыс жерде хабар тарататын тұңғыш халықаралық спутниктік телеарна. «ҚР Президенті телерадиокешені» құрамына кіреді. Телеарнаны 118-ден астам елде көруге болады. Хабар 6 тілде таратылады: қазақ, орыс, ағылшын, қырғыз, өзбек, түрік.

СGTN — Қытай Халық Республикасының жаһандық телевизиялық желісі. Ол әлемнің 160-тан астам елі мен аймағында хабар таратады.