Sim-карта мен аккаунтты беру қылмысқа жәрдемдесу ретінде қаралады — ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM — ІІМ әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунттарды үшінші тұлғаларға беру фактілері туралы мәлімдеді. Алаяқтар жасөспірімдерден sim-карталар мен аккаунттар алып, оларды өз мақсаттарына пайдаланып жатыр. 

здание МВД РК
Фото: ҚР ІІМ

Polisia.kz мәлім еткендей, полиция мұндай әрекеттер қылмысқа жәрдемдесу ретінде сараланатынын ескертті.

— Кәмелетке толмағандардың материалдық сыйақы алу мақсатында әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы үшінші тұлғалардың өтінішімен sim-карталарды іске қосып, оларды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге тіркеп, кейін басқа адамдарға беру жағдайлары тіркелуде. Қаскөйлер бұл аккаунттарды азаматтарға алаяқтық қоңыраулар жасау үшін пайдаланады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунттарды тіркеу және оларды бөгде адамдарға беру алаяқтық пен өзге де заңсыз әрекеттерді жасау құралына айналуы мүмкін. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұндай әрекеттер қылмыс жасауға жәрдемдесу ретінде қаралады, — деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бейбіт Біржанов.

ІІМ азаматтарды:

  • шығу тегі күмәнді sim-карталар мен құрылғыларды сатып алмауға және таратпауға;
  • өз аккаунттарын үшінші тұлғалардың пайдалануына бермеуге;
  • кәмелетке толмағандарға мұндай әрекеттердің жауапкершілігі мен салдарын түсіндіруге;
  • абоненттік нөмірлерді мессенджерлерде тіркеп, кейін оларды бөгде адамдарға бермеуге;
  • күдікті әрекеттер байқалса, құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.

Полиция цифрлық кеңістіктің барлық қатысушысына қырағы болуды ұсынады.

Айта кетейік, бүгінде адам қайтыс болған соң осы өмірде ғана емес, виртуалды әлемде де ізі қалады. Смартфондағы мыңдаған фотосурет, әлеуметтік желідегі парақшалары мен бұлтты сервистердегі құжаттардың бәрі «цифрлық мұра» деп аталады. Алайда адам өлгеннен кейін бұл деректермен не болмақ? Қазақстан заңы оны қалай реттейді? Kazinform тілшісі мәселенің мән-жайына үңіліп көрді.