SIM-карта сатып алу тәсілі өзгермек: нені білген жөн
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде ұялы телефон нөмірін (SIM-карта) сатып алу тәсілі түбегейлі өзгереді. Қазір бұл мәселе қызу талқыланып жатыр, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тиісті түзетулерді әзірледі.

— Министрлік заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды, ұсыныстар телекоммуникация нарығы мен деректерді өңдеу орталығын дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасында көрсетілген. Заң жобасында абоненттік нөмірлерді тек операторлар арқылы ғана емес, eGov арқылы да тарату мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Алдағы уақытта қазақстандықтар ұялы телефон нөмірін онлайн таңдап, үйден шықпай-ақ сатып алуы мүмкін, — деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Олжас Қабенов ведомствода өткен жария талқылау кезінде.
Оның айтуынша, қазір жаңа ереже бойынша байланыс операторлары министрлікке өтінім береді, соның негізінде операторларға SIM-карта нөмірлері пулы беріледі, одан әрі қазақстандықтар сатып ала алады.
Осылайша SIM-картаны тек байланыс операторларынан ғана емес, eGov порталы арқылы да сатып алу мүмкіндігі болады. Алайда, министрлік өкілінің мәлімдеуінше, аталған өзгерістер туралы нақты айтуға әлі ерте, себебі, заң жобасы талқыланып жатыр. Норманың қашан күшіне енетіні, әзірге белгісіз.
Айта кетсек, eGov қызметі арқылы заңсыз тіркелген SIM-картаны анықтауға болады.
Сондай-ақ елімізде SIM-карта санын шектеу мәселесі, яғни бір қолға бір ғана SIM-карта беру мәселесі талқыланып жатыр.