Сынақ мерзімінде жалақыны азайтуға бола ма: қызметкерлер нені білуі керек
АСТАНА. KAZINFORM — Жұмысқа орналасқан кезде сынақ мерзімінен өту — қалыпты тәжірибе. Алайда кейбір жұмыс берушілер осы кезеңді сылтауратып, қызметкердің жалақысын азайтуы немесе оны жұмыстан оп-оңай шығара салуы мүмкін. Еңбек заңнамасында мұндай жағдайларға қатысты нақты талаптар бар. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сынақ мерзіміндегі қызметкерлердің қандай құқықтары бар екенін еске салды.
Сынақ мерзімі еңбек шартында көрсетілуі керек
Жұмыс беруші қызметкердің кәсіби біліктілігін және тапсырылған жұмысты атқара алу қабілетін бағалау үшін сынақ мерзімін белгілей алады. Бірақ бұл талап еңбек шартында міндетті түрде жазылуы керек.
Егер еңбек шартында сынақ мерзімі туралы талап болмаса, қызметкер сынақ мерзімінсіз жұмысқа қабылданған болып есептеледі.
Әдетте сынақ мерзімі үш айдан аспауға тиіс. Алайда ұйым басшылары мен олардың орынбасарларына, бас бухгалтерлер мен олардың орынбасарларына, сондай-ақ филиалдар мен өкілдіктердің басшыларына алты айға дейін сынақ мерзімі белгіленуі мүмкін.
Сынақ мерзімінде қызметкердің қандай құқығы бар?
Сынақ мерзімі қызметкердің еңбек құқықтарын шектемейді. Ол жұмысқа кіріскен алғашқы күннен бастап заңда көзделген негізгі құқықтар мен кепілдіктерге ие болады.
Атап айтқанда, қызметкердің:
-
жалақысын уақытылы әрі толық көлемде алуға;
-
белгіленген жұмыс уақыты мен демалыс тәртібінің сақталуына;
-
қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істеуге;
-
еңбек заңнамасында қарастырылған әлеуметтік кепілдіктерді пайдалануға;
-
еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқығы бар.
Сынақ мерзімінде жалақыны азайтуға бола ма?
Жоқ. Сынақ мерзімінің белгіленуі қызметкердің жалақысын азайтуға негіз бола алмайды.
Еңбекақы мөлшері еңбек шартында көрсетіледі және заң талаптарына сәйкес болуы керек. Мысалы, азамат жұмысқа үш айлық сынақ мерзімімен қабылданса, жұмыс беруші оның сынақтан өтіп жатқанына сілтеме жасап, жалақысын өз бетінше төмендете алмайды.
Еңбекақы мөлшерін өзгеше белгілеу үшін заңды негіз болуы және бұл талап еңбек шартында көрсетілуі қажет.
Сынақтан өте алмаған қызметкерді жұмыстан шығаруға бола ма?
Сынақ нәтижесі бойынша жұмыс беруші қызметкердің тапсырылған жұмысқа сәйкес келмейді деген қорытындыға келсе, еңбек шартын заңда белгіленген тәртіппен бұза алады.
Алайда ол қызметкерге еңбек шартын бұзатынын алдын ала хабарлап, сынақ нәтижесінің неліктен қанағаттанарлықсыз деп танылғанын түсіндіруге міндетті.
Демек, жұмыс беруші сынақ мерзімінде жүрген қызметкерді өз қалауынша, ешқандай себеп түсіндірместен және заңда белгіленген тәртіпті сақтамай жұмыстан шығара алмайды.
Еңбек шартын мұқият оқыған жөн
Министрлік сынақ мерзімі ресми еңбек қатынастарының бір бөлігі екенін еске салады. Сондықтан осы кезеңде де қызметкердің еңбек құқықтары мен заңда көзделген кепілдіктері толық сақталуға тиіс.
Жұмысқа орналасар алдында еңбек шартын мұқият оқып, әсіресе сынақ мерзімінің ұзақтығына, жалақы мөлшеріне және еңбек жағдайларына қатысты талаптарға назар аудару қажет.
Еске салайық, мұның алдында жұмысқа кешіккен қызметкердің жалақысынан айыппұл ұстауға бола ма, жоқ па — соны жазған едік.