«Sincere Systems Group» қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) Қарағанды облысы бойынша департаменті «Sincere Systems Group» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.

Финпирамида
Фото: Мұхтар Холдорбеков/Kazinform

Пирамиданың ұйымдастырушылары өздерін Ұлыбританиядан келген компания өкілдері ретінде көрсетіп, азаматтарға әртүрлі коммерциялық бағыттарға, соның ішінде медициналық каннабисті өсіру және жаһандық сатылымға инвестиция салуды ұсынған.

Клиенттердің сенімін арттыру үшін жеке кабинеттері бар сайт құрылған. Онда пайдаланушылар ішкі SWP және SWCT токендері арқылы есепшоттарын толықтырып, фиаттық ақшаға айырбастаған.

Күдіктілер түскен қаржыны жеке мақсаттарына пайдаланған.

Келтірілген жалпы шығын 52 млн теңгеден асты.

Сот санкциясымен күдіктілердің 76 млн теңге тұратын мүлкіне: Теміртау қаласындағы жер учаскесі мен кемпингке, Астана қаласындағы пәтер мен автотұраққа тыйым салынды.

Күдіктілердің бірі үйқамаққа алынған, екіншісі — елден шықпау туралы қолхатпен босатылған.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, іс материалдары танысу үшін берілді.

Айта кетейік, Агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-боты іске қосулы.

Осыған дейін ҚМА үш жылда 800-ден астам автокөліктің заңсыз тіркелгенін анықтағаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар