Сингапурлық басылым: Шетел капиталы Қытайдан кетіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда тікелей шетелдік инвестицияның таза кетісі былтыр рекордтық деңгейге жетті. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығысының жаңа кезеңі басталғаннан кейін бұл үрдіс үдей түсуі мүмкін. Бұл туралы сингапурлық «Lianhe Zaobao» басылымы хабарлады.

Қытайдың Мемлекеттік валюта басқармасы 14 ақпан күні 2024 жылдың төртінші тоқсанындағы төлем балансының алдын ала деректерін жария етті. Ресми статистикаға сәйкес, 2024 жылы Қытайдан жылыстап кеткен тікелей шетелдік инвестицияның таза көлемі 168 миллиард АҚШ долларын құраған, бұл 1990 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Қытайға салынған шетелдік инвестициялардың көлемі 2021 жылы 344 миллиард долларға жетіп, рекордтық деңгейге көтерілгенмен, кейінгі жылдары тұрақты түрде азайып келеді.
Қытайдан өз капиталын шығарып әкетіп жатқан тек шетелдік компаниялар ғана емес, басылымның жазуынша, қытайлық кәсіпорындар да өз активтерін белсенді түрде шетел асырып жатыр. Айталық, 2024 жылы Қытай инвесторлары шетелге 173 миллиард доллар бағыттаса, Қытайға құйылған шетелдік инвестиция ағыны небәрі 45 миллиард доллармен шектелгенін ресми статистика көрсетіп отыр. Бұл — 1992 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш.
Басылым Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығысының шиеленісуі салдарынан капиталдың елден кетуіне тосқауыл қою барған сайын қиындап бара жатқанын атап көрсетті.
Басылымның жазуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп қызметіне кіріскеннен кейін Қытай тауарларына 10% көлемінде жаңа баж салығын енгізді. Бұған жауап ретінде Қытай да бірқатар қарсы шара қабылдап, АҚШ-тан әкелінген энергетикалық өнімдерге, машиналар мен көлік құралдарына 10-15% көлемінде баж салығын үстеді.
Сонымен қатар Google мен NVIDIA компанияларына монополияға қарсы тергеуді қайта бастады.
Бұдан өзге, Қытай Apple, Broadcom және Synopsys компанияларына да тергеу жүргізуді қарастырып жатыр.
Сингапурлық басылым Қытайдың бас газеті «Жэньминь Жибао-ның» 10 ақпан күні «шетелдік инвестицияның елден жаппай кетіп жатқаны» жайлы пікірге тойтарыс беретін мақала жариялағанын еске салады. Мақалада Қытай нарығында түбегейлі өзгерістердің жарыққа шыққаны, өз позициясын сақтап қалғысы келсе шетелдік компаниялардың қолына көзір жасырмауы керектігі қадап айтылған.