Сыннан өткен сенімді серіктестер – Тоқаев Сингапурға мемлекеттік сапармен барады

президенттің Сингапурға сапары
Коллаж: Kazinform/ freepik.com

Қазақстан мен Сингапур арасындағы дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жылдан асты. Экономиканың түрлі саласында екі елдің өзара тиімді серіктестік құруға әлеуеті жоғары. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сингапурға мемлекеттік сапары да соған дәлел. Былтыр Сингапур президенті Қазақстанға алғаш рет келген еді. Ал, біздің Президент аталған елге екінші рет бара жатыр. Бірінші ресми сапары 2022 жылы болған. Осы жолғы екі күндік сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев ел басшыларымен кездесуден бөлек, Қазақстан-Сингапур бизнес форумына да қатысады.

Екіжақты қарым-қатынастың бүгінгі жайы және Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары туралы Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Дипломатиялық қатынас

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, елдердің дипломатиялық қатынасы 1993 жылдың 30 наурызында орнаған. Қазақстанның Сингапурдағы дипмиссиясы араға 10 жыл салып, 2003 жылы қарашада ашылған. Ал тағы 5 жылдан кейін – 2008 жылғы 11 желтоқсанда Қазақстанның елшілігі болып қайта құрылды. Осы жылдар ішінде серіктестер сенім мен өзара құрметке негізделген берік қарым-қатынас орнатты.

Саяси серіктестік

Жоғары деңгейдегі саяси диалог – екі ел арасындағы тұрақты достық қатынастардың негізі. 2023 жылғы мамырда сол кездегі Сингапур Президенті Халима Якоб Қазақстан мен Орталық Азияға алғашқы сапарын жасап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Бұл жалпы Сингапур президенттерінің біздің аймаққа жасаған алғашқы тарихи сапары болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур президенті Халима Якобқа I дәрежелі «Достық» орденін табыс етті. Марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Сингапур Президентінің екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға және дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті. Халима Якоб көрсеткен сый-құрметі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуға бар күш-жігерін жұмсайтынына сенім білдірді.

Халима Якоб
Фото: Ақорда

Бұл сапардың екі ел үшін маңызы зор болды. Екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге жоғарылатты.

Сауда-экономика және инвестициялық байланыс

Сонымен қатар, сапар аясында Президент Халима Якобтың қатысуымен Астанада Қазақстан-Сингапур бизнес форумы өтті. Қос елдің кәсіпкерлері мен уәкілетті мемлекеттік органдарының 200-ден астам өкілі ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Сол жиында Халима Якоб Қазақстан Сингапурдың Орталық Азиядағы ең ірі серіктесі екенін және елдер арасындағы қарым-қатынастардың одан әрі нығая түсетінін атап өтті.

Бизнес-форум Қазақстанда жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін зерттегісі келетін көптеген бизнес көшбасшыларын, оның ішінде, сингапурлық компаниялардың басын қосты. Күшейіп келе жатқан геосаяси сын-қатерлерді ескере отырып, бұл екі елдің экономикасын әртараптандыруға ықпал етеді. Осы тұрғыда Сингапур серіктестікті кеңейтуге әрдайым ашық. Орталық Азияның кіндік ортасында орналасқан Қазақстан – өзінің орасан зор ресурсымен мемлекеттер пен компаниялар үшін инвестициялық тартымды ел, – деген еді сол кездегі Сингапур президенті.

Сөйтіп Қазақстан мен Сингапурдың өкілдері сауда, инвестиция, логистика және мемлекеттік қызметшілерді оқыту салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар екіжақты келісімдер мен меморандумдарға, сондай-ақ құны $275 млн болатын коммерциялық құжаттарға қол қойды.

Сингапур
Инфографика: Kazinform

Инвестицияға келетін болсақ, екіжақты инвестициялық ынтымақтастық айтарлықтай ілгерілеп келеді. Бүгінде Қазақстанда 140-тан астам сингапурлық компаниялар мен бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді. 2010-2023 жылдары Сингапурдан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 1,4 млрд долларды құрады. Бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Ерекше жоба – G4 City

Сондай жобалардың бірі – G4 City. Сингапурлық «Surbana Jurong» компаниясымен бірлесіп «Алатау» (G4 City) интеграцияланған қаласын салу жобасы жалғасып жатыр. Жаңа қалада шамамен 2,2 млн адам тұрады деп болжанады.

G4 City
Фото: Ақорда

Алматы облысындағы «Алатау» (G4 City) интеграцияланған қаласын дамыту тұжырымдамасына сәйкес жоба төрт тематикалық ауданнан тұратын болады:

  • Gate District – іскерлік және қаржы орталығы;
  • Golden District – білім беру және медициналық хаб;
  • Growing District – инновациялық-индустриялық және сауда-логистикалық аймақтар;
  • Green District – туристік кластер.

Айта кетейік, 2023 жылы маңызды екіжақты құжатқа – Қазақстан мен Сингапур арасындағы қызметтер саудасы мен инвестициялар туралы мемлекетаралық келісімге қол қойылды. Бұл құжат Сингапур президентінің мемлекеттік сапарының маңызды оқиғасы болды және ол тиісті ережелерді жеңілдету және бір-бірінің нарығына шығу үшін кедергілерді азайту арқылы екіжақты экономикалық ынтымақтастық пен іскерлік байланыстарды көтермелеуге бағытталған.

Қазіргі уақытта Транскаспий халықаралық көлік маршрутының логистикалық дәлізін дамыту және Оңтүстік-Шығыс Азиямен өзара көлік байланысын жақсарту бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, «PSA International» және оның еншілес компаниясы «Global DTC» сияқты компаниялармен бірлесіп жүзеге асырылады.

Жалпы, Қазақстан мен Сингапур арасындағы көлік, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың маңызы зор. Тараптар экономикалық ынтымақтастық жобалары мен өзара тиімді ынтымақтастық бағдарламаларын ілгерілету мәселелерін талқылауды жалғастырып келеді. Сонымен қатар, еліміздің транзиттік әлеуетін кеңейтуге және өңдеу өнеркәсібі, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, құрылыс және қаржы салаларындағы қазақстандық-сингапурлық кәсіпорындардың жобаларын дамытуға айрықша назар аударылады.

Тоқаевтың сапары

«Мемлекет басшысы 23-24 мамыр күндері Президент Тарман Шанмугаратнамның шақыруымен Сингапур Республикасына мемлекеттік сапармен барады. Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурдың жоғары басшылығымен, халықаралық ірі компаниялардың жетекшілерімен бірқатар кездесу өткізеді және Қазақстан-Сингапур бизнес форумының жұмысына қатысады деп жоспарланып отыр», - делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Бұл сапар екі елдің жан-жақты қатынасының дамып келе жатқанына дәлел. Мұны сарапшылар да атап өтті. Сондай-ақ, ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшылары, Мемлекет басшысының бұл сапарының еліміз үшін маңызы зор деп отыр.

Қазақстан мен Сингапур арасындағы қарым-қатынас қарқынды түрде дамып келеді. Өткен жылдың көрсеткіштеріне сүйенсек, екі ел арасындағы тауар айналымы 1,6 млрд долларға тең болды. Қазақстанда сингапурлық 143 кәсіпорын жұмыс істейді. Жалпы, бұл сапардың Қазақстан үшін пайдасы зор. Себебі Сингапур - әлемде технология, қаржы саласындағы жетекші елдердің бірі. Логистикалық хаб деп атап өтуге болады, – деді ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы Бауыржан Әукен.

Соңғы жаңалықтар