Синопте 1600 жылдық тарихы бар мозаикалық едендер туристерге көрсетіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Синоп қаласында Балатлар кешенінің қазбаларынан табылған 1600 жылдық мозаикалық едендерді көрсету үшін арнайы экспозиция жасалып жатыр деп хабарлайды Анадолу агенттігі.
Бұл жұмыс Мәдениет және туризм министрлігі мен Мимар Синан атындағы Өнер университетінің қолдауымен жүргізіліп, мозаикалар қалпына келтірілген.
Жақында ашылуы жоспарланған жобаның аясында қазба орнына туристерге арналған орталық құрылмақ, онда тек мозаикалар ғана емес, сонымен қатар тарихи ескерткіштер де көрсетіледі. Орталықта ағаш жолдар, қауіпсіз қозғалу платформалары, ақпараттық паннолар және навигациялық жүйелер де орнатылады.
Синоп губернаторы Мустафа Озарслан қазбалардың қаланың мәдени туризмінде маңызды орын алатынын айтты. 2010 жылдан бері профессор Гюльгюн Кёроглу жетекшілігімен жүргізілген қазбаларда эллинистік, римдік, византиялық, сельджук және осман дәуіріне жататын көптеген артефактілер табылған.
Озарсланның айтуынша, тарихи аймақты туристерге ғылыми тұрғыдан зерттеліп, реттелген, бақылауға алынған күйінде ұсыну үшін Солтүстік Анатолияны дамыту агенттігімен бірлесе жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Орталықтың жобадағы негізгі мақсаттары — ескерткіштерді сақтау және туристерді басқару. Архитектуралық шешімдер тарихи құрылымға сәйкес болады, табиғи материалдар қолданылады, мүгедектер үшін қолжетімділік қарастырылады. Балатлар кешені Синоп туристік бағытында жаңа көрікті орынға айналады және қаланың туристік белсенділігін арттырады. Бұл ғылыми және мәдени туризмді дамытып, Синопты ұлттық және халықаралық деңгейде танымал етеді», деді губернатор.
Еске сала кетсек, бұған дейін Түркияда Түркі дүниесі археологтері қауымдастығының екінші отырысы өткенін жаздық.