Синтетикалық есірткі сатқан 2 қылмыстық топ ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – «Қарасора-2024» операциясы нәтижесінде заңсыз айналымнан 21,5 тонна есірткі алынды. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев мәлім етті.
«1 маусым мен 31 қазан аралығында республика аумағында «Қарасора-2024» кең ауқымды жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Операция құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру фактілерін анықтауға, жасырын егістіктер және плантацияларды жоюға бағытталған. Іс-шара барысында 1 607 есірткі қылмысы анықталды. Рның ішінде: 799 сату фактісі, есірткіні заңсыз сақтаудың 194 фактісі, 245 өсіру фактісі. Заңсыз айналымнан 21,5 тонна есірткі тәркіленді. Оның ішінде: 1,5 келіден астам героин, шамамен 4,5 тонна марихуана, 200 келіден астам гашиш, 187 келі синтетика, 16 тоннадан астам каннабис өсімдігі тәркіленді және құрамында есірткі бар өсімдіктердің 180 мың бұтасы анықталды», - деді ол министрдіктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.
Оның мәліметінше, операция барысында полиция екі ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды.
«Қарағанды облысында ұйымдасқан топ анықталды. 15 күдікті ұсталды. Олар «мефедронды» Telegram арқылы сатқан. Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда. Алматыда 5 адамнан тұратын ұйымдасқан топ әшкереленді. Бұлар да интернет-ресурстардың көмегімен синтетикалық есірткі сатумен айналысқан. Тінту кезінде күдіктілерден 20 келі «мефедрон» және 750 келі прекурсор тәркіленді», - деді Шыңғыс Әлекешев.