Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Сыр өңіріндегі Бақатам кесенесі мен Сығанақ қалашығы қалпына келтіріліп жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат министрлігінің жоспарына сәйкес биыл Қызылорда облысындағы республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер реставрациядан өтіп жатыр. 

Сыр өңіріндегі Бақатам кесенесі мен Сығанақ қалашығы қалпына келтіріліп жатыр
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы

Қазалы ауданындағы Бақатам кесенесі мен Жаңақорған ауданындағы Сығанақ қалашығын қалпына келтіруді «Қазқайтажаңарту» РМК мамандары қолға алған.

Сыр өңіріндегі Бақатам кесенесі мен Сығанақ қалашығы қалпына келтіріліп жатыр
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы

— Бақатам кесенесіндегі жұмыс толық аяқталды. Реставрация барысында ескерткіштің техникалық жағдайына ғылыми зерттеу жүргізілді. Конструкциялық күшейту, жіктерді қайта өңдеу, жоғалған сәулеттік бөлшектерді ғылыми негізде толықтыру және тарихи материалға сәйкес реставрациялық кірпішпен қайта қалау жұмысы орындалды. Сонымен қатар күмбездің қорғаныш сылақ қабаты жаңартылды. Судан оқшауланып, аумағы абаттандырылды. Аталған шаралар ескерткіштің тарихи сәулеттік келбетін сақтай отырып, оның ұзақмерзімді сақталуын қамтамасыз етеді, — деді облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының бөлім меңгерушісі Талғат Бердиев.

Сыр өңіріндегі Бақатам кесенесі мен Сығанақ қалашығы қалпына келтіріліп жатыр
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы

Сығанақ қалашығына реставрация жасаудағы негізгі мақсат — тарихи-мәдени мұра нысанын сақтап қалу, оның бастапқы сәулеттік келбетін ғылыми негізде қалпына келтіру және археологиялық құндылығын болашақ ұрпаққа жеткізу. Жоспарға сәйкес археологиялық қазба барысында аршылған 2 кесене мен тұрғын үй орнының бір бөлігі қалпына келтіріледі.

Сыр өңіріндегі Бақатам кесенесі мен Сығанақ қалашығы қалпына келтіріліп жатыр
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы

— Сығанақ қаласының атауы Х ғасырдан бастап түркі және парсы-араб тарихшыларының жазбаларында кездеседі. Ортағасырлық деректерге қарағанда қала ХІ-ХІІІ ғасырларда Дешті-Қыпшақ елінің, ХІІІ-ХІҮ ғасырларда Ақ Орданың, ХҮ-ХҮІІ ғасырларда Қазақ хандығының елордасы болған. Түрлі тарихи кезеңді басынан өткізген қала ХҮІІІ ғасырға дейін өмір сүрген. Сығанақтың «Қыпшақ даласының айлағы» деп аталуы әйгілі Ұлы Жібек жолы бойындағы қаланың шаруашылығы мен әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары деңгейде дамығанын аңғартады, — деді Талғат Бердиев.

Сыр өңіріндегі Бақатам кесенесі мен Сығанақ қалашығы қалпына келтіріліп жатыр
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Түркістан облысының Сауран ауданындағы Сауран қалашығында ғылыми-реставрациялық жұмыстар басталды.