Алматыда жол ережесін бұзған бір топ мопед жүргізушісі жазаланды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Әлеуметтік желіде жол ережесін өрескел бұзған мопед жүргізушілерінің бейнежазбасы тарады.

Желідегі бейнероликтерден мопед тізгіндеген бір топ жүргізушісінің бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткенін көруге болады. Тағы бір бейнежазбада мопед жүргізушілерінің тобы көлікпен кіруге тыйым салынған Арбат аймағында емін-еркін жүргені бейнеленген.
Алматы қаласының Полиция департаменті жол ережесін бұзған мопед жүргізушілерін ұсталғанын хабарлады.
- Оларға қатысты ҚР ӘҚбК-нің 615, 620 баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Мопедтер арнайы айыппұл тұрағына жеткізілді, - деп хабарлады департаменттен.
Одан бөлек Алматы полиция мопед жүргізушілеріне 5 сәуірге дейін тіркелу қажеттігін ескертті.
Еске салайық, бұған дейін 5 сәуірден кейін мопедтерін тіркемегендерге қандай жауапкершілік көзделгенін жазғанбыз.