Сырым Шәріпханов қауіпті өндірістік нысандарындағы кемшіліктерді атады
Кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінің жауапкершілігін күшейту мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Сенатта азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру тақырыбындағы парламенттік тыңдау барысында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Жыл сайын қауіпті өндірістік нысандарда 20-ға жуық ірі апат болады. Негізінен жүк көтергіш механизмдерді пайдаланатын нысандарда, тау-кен және мұнай-газ өнеркәсіптерінде осындай оқиғалар тіркеліп жатады. Өндірістердің технологиялық жабдықтары күн өткен сайын тозып келеді. Кәсіпорындар көбінесе қауіпсіздік мәселелерін елемей, басымдықты қауіпсіздікке емес, пайда табуға қойған. Нәтижесінде осы жылғы 9 маусымда «Шығыс Қаратұрын» кен орнында ашық фонтан атқылады, 17 тамызда «Арселор Миттал Теміртаудың» «Қазақстан» шахтасында ірі өрт болды, 28 қазанда «Костенко атындағы» шахтада жарылыс болды», - деді С. Шәріпханов.
Бұл тұрғыда ол көбіне өндірістік бақылау қызметі немқұрайлы жұмыс істейтінін және олар анықталған кемшіліктерді жасыратынын айтты.
«Басты себептің бірі - олар дербес өндірістік бақылау қызметі санатына жатпайды, яғни басқа қосалқы қызметтердің құрамына енгізілген, бірінші басшымен тікелей байланыс жоқ. Өндірістік апаттардың алдын алу мақсатында ұйымның бірінші басшысына тікелей бағынатын жеке-дербес өндірістік бақылау қызметін құру бойынша ұйымдарға нақты міндет бекіту керек. Министрлікке қауіпті өндірістік объектілерді жаңарту мен техникалық қайта жарақтандыру жоспарын келісу, сондай-ақ ұйымдардың оны уақтылы орындау міндетін бекіту бойынша өкілеттіктер беру ұсынылды», - деді ведомство басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, қазір кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінің жауапкершілігін қатаңдату мәселесі пысықталып жатыр.
«Бұдан басқа, жүргізілетін профилактикалық жұмыстар аясында кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінің позицияларын күшейту бөлігінде қолданыстағы заңнаманы, сондай-ақ жеке құрамның штат санын есептеу нормативтерін, жарақтандыру нормаларын қайта қарау бойынша жұмыстар атқарылады», - деді министр.