Сырым Шәріпханов жемқорлық күдігімен ұсталған әріптесі туралы: Ондай адамдар біздің жүйеде болмау керек
Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов ведомстводағы атышулы жемқорлық фаткілері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше сізге тікелей бағынышты, осыған дейін Көкшетауда бірге жұмыс істеген Ислам Ерназар атты қызметкерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұстағаны туралы БАҚ-та ақпарат шықты. Сондай-ақ, сіздің орынбасарыңыз Ерлан Бекенов ұсталған еді. Осы атышулы мәліметтер туралы қандай пікір білдіресіз?», - деп сұрады журналист.
Сырым Шәріпханов өз жауабын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшылығына алғыс айтудан бастады.
«Иә, осындай фактілер бар. Ол фактілермен жұмыс істеп жатырмыз. Оның ішінде сыбайлас жеморлыққа қарсы қызметпен де жұмыс істейміз. Бұл бағытта біз өте ашықпыз. Мен біздің өтініштеріміз бойынша өте сапалы жұмыс істеп жатқан сыбайлас жемқорлық қызметінің басшылығына алғыс айтамыз. Сіз айтып отырған И.Ерназар азаматтық қорғаныс академиясында жұмыс істейді. Мен ол адамды жазғырмаймын. Бірақ маман ретінде жақсы санатта болған. Мен үшін оның мұндай қадамға барғаны күтпеген жайт болды. Екінші жағдай бойынша айтсам, Бекенов Ерлан да құқыққа қарсы әрекетке барды. Ол үшін жауапкершілік арқалады. Біз өз жүйемізде жемқорлыққа қарсымыз. Бұл тұрғыда жемқорлық фаткілеріне жол бермей және алдын алу бағытында белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Ондай адамдар біздің жүйеде қызмет атқармау керек. Біз ондай фактілерді тамырымен жоямыз», - деді министр.
Кейін министр қайтадан сөз алып, И.Ерназардың ісі бойынша сот шешімі шықпағанын еске салды.
«Сондықтан қазір мен ол кінәлі немесе кінәсіз деп айта алмаймын», - деді Сырым Шәріпханов.