Сирия 14 жылда алғаш рет мұнай партиясын экспорттады

АСТАНА. KAZINFORM — Сирия соңғы 14 жылдағы алғашқы ресми мұнай тасымалдауын жүзеге асырды. 600 мың баррель экспорттық партиясы Жерорта теңізіндегі Тартус портынан жөнелтілді, деп хабарлайды Report.az Сирияның SANA мемлекеттік агенттігіне сілтеме жасап. 

Сирия 14 жылда алғаш рет мұнай партиясын экспорттады
Фото: report.az

Сирия энергетика министрлігінің өкілі Рияд әл-Джубасидің айтуынша, сатып алушы B Serve Energy халықаралық сауда компаниясы болған. Мұнайдың бірінші партиясын тасымалдау Nissos Christiana танкерінде жүзеге асырылады. Сириялық шенеунік атап өткендей, жеткізілім көлік желілерінің, мұнай сақтау қоймаларының және порт инфрақұрылымының жұмыс істеу дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді.

Сирия мұнай тасымалдау компаниясының бас директоры Маан Паша қазіргі экспорт көлемі елдің ішкі қажеттіліктерінен асып түсетінін атап өтті. Оның айтуынша, танкерге Сирияның бірнеше кен орындарында өндірілген мұнай, сондай-ақ Банияс пен Хомстағы зауыттардағы шикізатты өңдеуден артып қалған өнімдер тиелген. Серіктестік басшысы нақты кен орындарын атамады. Сирияның мұнай ресурстарының басым бөлігі елдің солтүстік-шығысында күрдтердің бақылауындағы аймақтарда орналасқан.

2011 жылы азаматтық соғыс басталғанға дейін Сирия күніне шамамен 380 000 баррель мұнай экспорттаған. Бірақ көп жылдарға созылған қақтығыстар елдің энергетикалық инфрақұрылымын қиратып, халықаралық санкциялар мұнай мен газ саудасын қиындатып жіберді.

Еске сала кетейік, Сирия қауіпсіздік мақсатында үш провинциядағы сайлауды кейінге қалдырды.

Соңғы жаңалықтар