Сирия билігі мен күрд күштері кешенді келісімге қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM – Сирия үкіметі мен күрдтер басқаратын Сириялық демократиялық күштер (SDF) атысты тоқтату және әскери әрі әкімшілік құрылымдарды мемлекеттік жүйеге кезең-кезеңімен интеграциялау жөнінде кешенді келісімге келді. Бұл туралы тараптар 30 қаңтар күні мәлімдеді.
Келісімге сәйкес, SDF бөлімшелері толықтай шептен әкетіледі. Ал Сирия Ішкі істер министрлігіне қарасты қауіпсіздік күштері елдің солтүстік-шығысындағы әл-Хасака мен әл-Камышлы қалаларына енгізіледі. Осыдан кейін күрд және үкімет күштерін біріктіру процесі басталмақ.
Жоспар бойынша, солтүстік-шығыс өңірде SDF құрамынан үш бригададан тұратын жаңа әскери құрылым жасақталады, сондай-ақ Алеппо провинциясында SDF-тің тағы бір бригадасы үкімет әскерінің құрамына қосылады.
Бұл келісім соңғы қақтығыстардан кейін жасалды. Сол шайқастар барысында үкімет әскері SDF соңғы он жылдан астам уақыт бойы бақылауда ұстап келген солтүстік-шығыс аумақтың басым бөлігін өз бақылауына алған.
АҚШ-тың Түркиядағы елшісі әрі Сирия бойынша арнайы өкілі Томас Баррак бұл уағдаластықты Сирияның ұлттық татуласу, бірлік және ұзақ мерзімді тұрақтылыққа жету жолындағы «іргелі әрі тарихи кезең» деп атады.
Құжатта келісімнің басты мақсаты – сириялық аумақтарды біріктіру және мүдделі тараптар арасындағы ынтымақтастықты күшейту арқылы өңірді толық интеграциялау екені айтылған. Сонымен қатар, онда күрд халқының азаматтық және білім беру құқықтары бекітіліп, ішкі қоныс аударған азаматтардың өз өңірлеріне оралуына кепілдік беріледі. Күрд әкімшілігіне қарасты мекемелер мен олардың қызметкерлері де жаңа сириялық биліктің мемлекеттік құрылымдарына біріктіріледі.
Келісімге сәйкес, елдің солтүстік-шығысындағы түрмелер, мұнай және газ кен орындары Дамаск бақылауына өтеді. Бұған дейін сириялық әскер елдегі ең ірі «Омар» мұнай кен орнын және Евфрат өзеніндегі стратегиялық маңызы бар Табка бөгетін бақылауға алған.
Айта кетейік, Сирияның өтпелі кезеңдегі президенті Ахмед аш-Шараа 18 қаңтарда SDF-пен атысты тоқтату режимі туралы келісімге қол қойылғанын жариялаған болатын. Құжат барлық майдандар мен жанасу нүктелерінде атысты толық әрі дереу тоқтатуды көздейді.
Алеппо маңындағы қақтығыстар 6 қаңтардан бері жалғасып, тараптар бірін-бірі зорлық-зомбылықты ушықтырды деп айыптаған. Алеппо губернаторының мәліметінше, 10 қаңтарға қарай негізінен күрдтер тұратын аудандардан шамамен 155 мың адам қала ішіндегі өзге аудандарға немесе ауылдық жерлерге көшкен.