Сирия бойынша келіссөздер Астанаға саяси дивиденд әкеледі - саясаттанушы

«Ресей басшылығындағы Путин тарапынан Сириядағы қақтығыстар бойынша ауқымды келіссөздерді Астанада өткізу жөніндегі ұсыныс Ресей үшін Қазақстанның қолайлы серіктес екенін көрсететін белгі деуге болады. Біріншіден, Қазақстан биыл Ресей-Түркия қатынасын реттеуде өзін жақсы жағынан танытты. Яғни, биыл Қазақстанның белсенділігі арқасында Сирияда атып түсірілген ресейлік ұшаққа байланысты ушыққан жағдайға қарамастан Ресей мен Түркияның қарым-қатынасы жақсарды. Екіншіден, Қазақстан өз аумағында кездесу өткізуді бұрын да ұсынған болатын. Ресей, сондай-ақ Анкара да мұны жақсы біледі», - деді Досым Сатпаев.
Оның сөзіне сүйенсек, кездесудің Қазақстанда өткізілуі еліміздің келіссөздерге тікелей қатысатынын білдірмейді.
«Біз «үй иесі» ретінде тек кездесу алаңын ғана ұсынамыз. Былтыр Сирия конференциясы кезінде Ирандағы келіссөздерде де солай болған. Егер Астанада өтетіндей болып жатса, бұл жолы да солай жасалуы ықтимал. Біз оларға келіссөз өткізуге мүмкіндік жасап, алаң береміз. Бұл жағынан біз өзімізді нейтралды алаң ретінде көрсетеміз», - деп пікірін білдірген саясаттанушы.
Оның айтуынша, Қазақстан ресми тұрғыда барлық тарапты диалогқа шақырып отыр.
«Сирия бойынша келіссөздерді Астанада өткізу туралы ұсыныстың астарында негіз бар деп ойлаймын. Әрине, бұдан біз экономикалық дивиденд алмаспыз, бірақ, қандайда саяси дивидендтер болады. Ең болмағанда, Қазақстан тағы бір мәрте өзін арағайын ретінде танытады. Әлбетте, бұл жерде маңызды бір мәселені ескеру керек. Мемлекеттің сыртқы саясаты Президентпен тікелей байланысты. Қалай болғанда да мемлекет басшысы бұл арада өзін субаймақтық ойыншы ретінде белсенді көрсетуге тырысады. Ол үшін мұндай шаралар әлемдік сахнада өзінің сыртқы саяси деңгейін көтеру үшін маңызды. Бұл жерде елдің сыртқы саясаттағы имиджі мен президенттің жеке имиджі арасындағы байланысты ескеру керек», - деді ол.
Саясаттанушының айтуынша, негізгі сұрақ тараптардың Башар Асад режимін заңды деп мойындауында болып тұр. Өйткені, бұл мәселеде мемлекеттердің ұстанымы өзгерген.
«Қазіргі уақытта біз Түркияның сыртқы саясатын түзеткенін байқап отырмыз. Түркия қазір аталған мәселеге барынша икемді қарайтын болды. Анкара келіссөз өткізудің басты шарты ретінде Башар Асадтың кетуін талап етпейді. Ресей мен Иранның белсенді қолдауы нәтижесінде Асад позициясын нығайтқанын және Сирия қақтығысы жуық арада аяқталмайтынын Түркия түсіне бастады. Ирак пен Ливанның пайда болуы Сириядағы күштер теңдігін қатты бұзды және бұл қақтығыс өте ұзаққа созылуы мүмкін. Түркияға бұл тиімсіз. Себебі, барлық қақтығыс оның шекарасында жүріп жатыр. Сириялық босқындардың көп бөлігі Түркияға ағылады», - деп есептейді саясаттанушы.
«Анкараның келіссөз өткізу жөніндегі Ресей ұсынысына қолдау танытуы Батыс үшін күтпеген жағдай болды. Түркияның шешімінен кейін Астанада келіссөз өткізу жөніндегі ұсыныс пайда болды. Астанадағы келіссөз Сирия бойынша Женевада өтіп жатқан келіссөздерге қосымша алаң болады. Қақтығыстың барлық тарапы келіссөзді келесі жылы Астанада өткізуге келісетін болса, онда үлкен делегация шығатын болады», деп сөзін қорытындылады сарапшы.