15:54, 18 Ақпан 2013 | GMT +5
Сирия: Қазақстанның 140-тан астам азаматы қауіпсіз аймаққа көшірілді - СІМ
АСТАНА. 18 ақпан. ҚазАқпарат - Сириядан Қазақстанның 140 азаматы эвакуацияланды. Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінде өткен брифинг барысында ведомствоның ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлім етті.

«Сириядағы ішкі жағдайдың ушығуына және елдегі қауіп-қатерлерге байланысты Сыртқы істер министрлігі осы елде уақытша немесе тұрақты тұратын Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша жәрдем көрсету жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі таңда ҚР Сыртқы істер министрлігі 140-тан астам Қазақстан азаматтарын қауіпсіз аймаққа көшірді», - дейді Жанболат Үсенов. Оның айтуынша, Сыртқы істер министрлігінің атына Сириядағы эвакуация жұмыстарына орай алғыс білдірілген хаттар көптеп түсуде.
«Мәселен, Юлия Мухинаның отбасы алғыс хат жолдай отырып, қызы мен 3 немересін Сириядан шығаруда жедел әрі қажетті көмек көрсеткені үшін Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның Иорданиядағы Елшісі Болат Сәрсенбаевқа шексіз ризашылығын жеткізді», - деді ресми өкіл.